Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
51-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа да талап қою арқылы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін процеске кірісе алады. Олар барлық құқықтарды пайдаланады және талап қоюшының барлық міндеттерін орындайды.
2. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде және қойылып отырған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.
3. Егер үшінші тұлға іске қатысу немесе бірінші сатыдағы сотта дербес талап қою құқығын іске асырмаса, сот істі талап қоюшының қойған талабы бойынша қарайды және шешеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-51/