Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
56-1-бап. Консультант
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Істі қалыптастыруды қамтамасыз ететін, судьяның сот процесін дайындауға және ұйымдастыруға бағытталған заңды тапсырмаларын орындайтын мемлекеттік қызметші консультант болып табылады.
2. Консультант:
1) азаматтық іс материалдарының жүргізілуін және тиісінше ресімделуін қамтамасыз етуге;
2) істі мәні бойынша шешетін сот актілерін қоспағанда, судьяның тапсырмасы бойынша процестік құжаттардың жобаларын дайындауға;
3) соттың ұйғарымдарын орындау бойынша сұрау салуларды жіберуге және басқа да әрекеттерді жасауға;
4) іске қатысатын адамдарды істің материалдарымен таныстыруға, осы Кодексте көзделген жағдайларда оларға сот актілерінің және басқа да құжаттардың көшірмелерін жіберуге;
5) осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып, істі апелляциялық сатыға жіберуге;
6) істі архивке беруді қамтамасыз етуге;
7) судьяның тапсырмасы бойынша сот процесін дайындауға және ұйымдастыруға бағытталған өзге де әрекеттерді жасауға міндетті.
3. Консультант өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі фукцияны орындауға, іске қатысатын адамдардың құқықтары мен міндеттерінің туындауына, өзгеруіне не тоқтатылуына әкеп соғатын әрекеттерді жасауға, процестік құжаттардың жобаларын дайындаумен, жабық сот отырысына қатысумен байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын кез келген мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
Консультант судьяның тапсырмасы бойынша сот отырысы хатшысының өкілеттігін жүзеге асыра алады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-56-1/