Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
56-4-бап. Аудармашы
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Аударма жасау үшін білуі қажет тілдерді, оның ішінде ымдау тілін және (немесе) Брайль әліпбиін меңгерген және іске қатысатын адам, сондай-ақ куә, сарапшы, маман іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмеген жағдайларда, сол сияқты жазбаша құжаттарды аудару үшін процестік әрекеттерге қатысуға тартылған, іске мүдделі емес адам аудармашы ретінде шақырылады.
2. Төрағалық етуші аудармашыны тағайындау туралы хаттамалық ұйғарым шығарады.
3. Аудармашының:
1) аударманы жүзеге асыру кезінде қатысатын адамдарға аударманы нақтылау үшін сұрақтар қоюға;
2) өзі қатысқан сот отырысының хаттамасымен танысуға, аударманың толық және дұрыс көрсетілуі бөлігінде хаттамаға ескертулер жасауға;
3) егер оның аудару үшін қажетті жеткілікті білімі болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға;
4) егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, өзінің іске қатысуына байланысты шеккен шығыстарына өтем және орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Аудармашы:
1) сотқа шақыру бойынша келуге;
2) аударманы толық және дұрыс жүзеге асыруға;
3) өзінің қатысуымен өткізілген сот отырысының хаттамасында, сондай-ақ өзіне аудару үшін берілген өзге де құжаттарда аударманың дұрыстығын өзінің қолтаңбасымен куәландыруға;
4) аудармашы ретінде тартылуына байланысты өзіне белгілі болған істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және өзге де деректерді жария етпеуге;
5) сот отырысы кезінде тәртіпті сақтауға міндетті.
5. Осы баптың қағидалары сурдоаударма жасау дағдыларын меңгерген және сот процеске қатысу үшін тартқан адамға қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-56-4/