Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

59-бап. Сотта өкіл бола алмайтын тұлғалар

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар және Қазақстан Республикасы Құрылтайының немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың өкілдері немесе заңды өкілдері ретінде қатысуынан басқа жағдайларда, сотта өкіл бола алмайды.
2. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және білікті заң көмегі туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма қабылдаған адвокаттар, сондай-ақ заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдар сотта тапсырма бойынша өкілдер бола алмайды.
3. Тұлға, егер:
1) мүдделері өзі өкілі болып отырған тұлғаның мүдделеріне қайшы келетін тұлғаларға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса;
2) бұрын істі қараған және шешкен кезде судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, консультант, куә немесе куәгер ретінде қатысса;
3) басқа тараппен немесе үшінші тұлғамен, судьямен, прокурормен, консультантпен, сот отырысының хатшысымен, іс бойынша қорытынды берген сарапшымен, маманмен, аудармашымен туыстық қатынастарда болса;
4) психикалық денсаулық жағдайына не жасына байланысты және басқа да себептер бойынша өз бетінше өкілдікті жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаса, тапсырма бойынша өкіл бола алмайды.
4. Сот осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде санамаланған тапсырма бойынша өкілдерді іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысудан шеттетеді. Сот бұл туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Тапсырма бойынша өкілдерді іске қатысудан шеттеткен кезде сот істі талқылауды басқа өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу және оның іс материалдарымен танысуы үшін қажетті, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдырады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-59/