Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
61-бап. Өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.
Сенімхат сотқа жазбаша нысанда немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
2. Кәсіптік одақтар мен басқа да ұйымдардың уәкілетті өкілдері осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды сотқа беруге тиіс.
3. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктері «Адвокаттық қызмет және білікті заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламамен расталады.
Адвокаттың осы Кодекстің 60-бабының бірінші бөлігінде көзделген процестік әрекеттерді жасауы сенімхатпен куәландырылады.
4. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе осыған уәкілеттік берілген өзге де тұлға береді.
5. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген өкілдердің өкілеттіктері сенімхатта немесе сот отырысына сенім білдірушінің жеке өзі қатысқан жағдайда, оның сот отырысының хаттамасына енгізілген ауызша мәлімдемесінде көрсетілуі мүмкін. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген өкіл заң консультанттары палатасына мүшелігін растайтын құжат ұсынады.
6. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген істер бойынша өкіл қосымша түрде өзі жұмыскері болып табылатын заңды тұлға мен өзі мүддесін білдіретін заңды тұлға сол бір тұлғаның бақылауында (тікелей немесе жанама) екенін растайтын құжаттарды ұсынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-61/