Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

8-бап. Тұлғаның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде, азаматтар мен заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе тұлғалардың белгісіз бір тобының бұзылған немесе даулы заңды мүдделерін қорғау туралы арыз беріп, сотқа жүгінуге құқылы. Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Өзінің келісімінсіз ешкімге ол үшін заңда көзделген соттылық өзгертілмейді.
4. Егер заңға қайшы келсе немесе кімнің де болсын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзса, сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады.
5. Талап қою осы Кодексте көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сотқа жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
6. Егер істердің белгілі бір санаты үшін дауды сотқа дейін реттеу тәртібі заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, сотқа жүгіну осы тәртіп сақталғаннан кейін мүмкін болады.
7. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері прокурормен міндетті түрде келісуден кейін, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын талап қоюмен сотқа жүгіну құқығын іске асырады. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторға қатысты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің талап қоюды прокурормен міндетті түрде келісуі инвестициялық қызметтен туындайтын талап қою берілген жағдайда талап етіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-8/