Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың және салауатты өмiр салтын қалыптастырудың жайы туралы Күшін жойған
Басқа 0
Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың және салауатты өмiр салтын қалыптастырудың жайы туралы
«Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың және салауатты өмiр салтын қалыптастырудың жайы» туралы облыс әкiмiнiң орынбасары Н.Ерiмбетовтiң баяндамасын тыңдап және талқылай келе, Қызылорда облыстық Мәслихаты «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасындағы ұзақ мерзiмдiк басымдықтар мен «Дене шынықтыру мен спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгiленген бұқаралық спортты дамыту, сол арқылы салауатты өмiр салтын насихаттау мен қалыптастыру бағытында соңғы жылдары облыс көлемiнде бiршама жұмыстар жүргiзiлгенiн атап өтедi.
Биылғы жыл Елбасы Жарлығымен «Денсаулық жылы» болып жарияланып, халықтың денсаулық жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесiне қолдау көрсету, салауатты өмiр салтын қалыптастыру жыл iшiнде iске асырылатын басты мiндеттер болып белгiлендi.
Жүргiзiлген жұмыстар нәтижесiнде облыста дене шынықтыру және спортпен айналысушылар саны, бұқаралық спорттық шынығу-сауықтыру шаралары мен салалық спартакиадалар өткiзу саны бiртiндеп өсе түсуде. Оқушылар мен студент жастар арасындағы спартакиадалар жанданып келедi. Халықтың шынығу дайындығын анықтайтын президенттiк сынақ нормативтерiн қабылдау және тапсыру жұмыстары жүргiзiлуде.
Балалар мен ересектердi дене шынықтыру және спортқа тарту жолында облыста 8 стадион, 5 спорттық сауықтыру кешенi, 174 спорт залы, 4 жүзу бассейнi, 4 теннис корты, 90-ға тарта спорт алаңдары жұмыс жасайды, оларда 21 мыңға тарта адам дене шынықтырады, спортпен шұғылданады.
Мүмкiндiкке қарай бiрқатар спорт нысандары жаңадан салынып, ағымдағы және күрделi жөндеулерден өткiзiлдi. Жалағаш кентiндегi жаңадан салынған теннис корты мен ашық жүзу бассейнi, Қызылордадағы 4 шағын спорт алаңы, қайта жөнделген Қызылорда орталық стадионы мен «Евразия» спорт кешенi осының айғақтары. Тасбөгет кентiнде спорт мектебi ашылды, Қызылордада спортта дарынды балаларға арналған 150 орындық мектеп-интернат жұмыс жасауда.
Өткен жылы облыста салауатты өмiр салтын қалыптастыруда 449 шара өткiзiлсе, оның 259-ы ауылдық жерлерде өттi. Спорт мектептерi арасында спорттың 10 түрiнен, мектеп оқушылары арасында спорттың 9 түрiнен, оқу орындары арасында 8 түрi бойынша, ұлттық ассоциациялар арасында 7 түрi бойынша, ауыл әкiмдерi арасында, мемлекеттiк қызметшiлер арасында қысқы және жазғы спартакиадалар өткiзiлдi. «Харрикейн Құмкөл мұнай» ашық акционерлiк қоғамының қолдауымен баскетболдан, футболдан және мүгедек балалар арасында жарыстар өткiзiлдi.
Президенттiк сынамаларды тапсыруға өткен жылы 41550 адам қатысып, 683 адам халықтық норманы орындады. 2001 жылы Қазақстан Республикасының 1-спартакиадасына облыс спортшылары спорттың 18 түрi бойынша бақ сынасып, 5 спортшы чемпион, 14 адам жүлдегер атанды. Жыл iшiнде 15 спортшы Республика чемпионы болды.
Сонымен қатар атқарылған жұмыстарға қарамастан облыста салауатты өмiр салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытудың ахуалы бүгiнгi күн талабына толық жауап бере алмайды.
Облыстық Мәслихаттың 2001 жылғы 23 маусымдағы VII сессиясында бекiтiлген «Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған аумақтық бағдарламада» көзделген көптеген шаралар орындалған жоқ.
Мектептерде дене тәрбиесi пәнi бойынша аптасына 3 сағаттық көзделген жоспар орындалмауда, 5-11 сыныптарда бөлектеп оқыту жұмыстары жолға қойылмаған. Дене шынықтыру сабағына қатысатын 141834 оқушының 8 пайызы ғана спорт секцияларына барады, ал осы пәннен дәрiс беретiн 662 мұғалiмнiң 30.3 пайызының арнайы бiлiмдерi жоқ. Сабақ өткiзуге қажеттi құрал-жабдықтар аз, барының әбден тозығы жеткен, оларды жаңартуға қаржы қарастырылмаған. Аудандарда мектеп оқушыларының спорт секцияларында қатысу деңгейi тiптi төмен. Облыстағы 280 мектептiң 40 пайызында спорт залы жоқ, кейбiр аудандарда бұл көрсеткiш 83 пайызға дейiн барады. Облыстағы 81 мектепте салауатты өмiр салтын негiздейтiн «Валеология» пәнi қаржы тапшылығынан жүргiзiлмейдi.
Мектептер жанында орналасқан спорт алаңдарының көпшiлiгiнiң сапасы төмен, сабақ өткiзуге жарамсыз. Қызылорда қаласындағы пәтер иелерi кооперативтерi қарамағындағы спорт алаңдарының жағдайы сын көтермейдi. Қаланың «Гагарин», «Титов», «Коммунизм», «Шанхай» аудандарындағы балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жоқ, қарапайым спорт алаңдарының өзi жетiспейдi.
Спорттық сауықтыру жұмыстарының өз деңгейiнде жүргiзiлмеуi салдарынан облыста 2340 бала, 658 жасөспiрiм облыстық наркологиялық диспансер есебiне қойылса, облыстық iшкi iстер басқармасында өткен жылы әртүрлi құқық бұзушылық фактiлерi және қылмыстық iс-әрекеттерi үшiн 5240 жасөспiрiмге тиiстi шаралар көрiлген. Облыс бойынша орын алған 111 қылмыстың 66.6 пайызы облыс орталығында, оның 47.7 пайызын мектеп оқушылары жасаған.
Жоғары оқу орындары мен колледждерде дене шынықтыру пәнi I және II курстарда ғана жүргiзiледi, оның ғылыми негiзделген 450 сағаттық мөлшерi сақталмайды, мұғалiмдерге ақы төленбеуi себептi секциялық сабақтар өз деңгейiнде емес.
Спорт мектептерiнiң өзiнде жалақыдан басқа шығындар аз қаралған, жарыстарға қатысуға бөлiнген қаржы облыстан тыс жерге 4-5 адамның бiр рет барып-келу шығынын жабуға ғана жетедi.
Шынығу-сауықтыру жұмыстарының кемшiлiгiнен облыстағы әрбiр 1000 жасөспiрiмнiң 733.9-ы әртүрлi ауруларға шалдыққан, мұғалiмдерге ақы болмауы салдарынан денсаулығы нашар оқушылар үшiн арнайы топтар ашылмаған, оларға жiберiлген 2314 оқушының бiр де бiреуi сабаққа қатыспайды. 2001 жылы әскер қатарына шақырылған 15679 жастың 1163-i денсаулығы нашарлығынан әскерге жарамсыз деп табылды.
Ересектер арасында дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстары жеткiлiксiз, әрi жүйелi емес. Маскүнемдiк пен нашақорлық, уытқұмарлық және СПИД-ке қарсы насихат пен күрес жұмыстарының жүргiзiлуi сылбыр. Қала, аудандардағы салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталықтарының жұмыс қарқыны төмен, дәрiгерлiк насихат жеткiлiксiз. Соның да салдарынан қала, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде жұқпалы аурулар ошағы жиi көрiнiс беруде. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлердiң атқарылуында зиянды көрiнiстер - артық төгiп-шашу, ысырапшылдық пен бәсекелестiк, көпшiлiк жиындар өтетiн жерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы, iшiмдiкке орынсыз бой алдыру жиi ұшырасуда.
Ауылдық округтердiң басым көпшiлiгiнде салауатты өмiр салтын қалыптастыруға жеткiлiктi назар аударылмайды. Ауылдық округтерде спорт үйiрмелерi мен салауатты өмiр салтын қалыптастыру негiздерiн жүргiзетiн штат қаралмаған, сәйкес бiлiктi мамандар жетiспейдi. Осы бағыттағы телешығарылымдар мен баспасөздегi жарияланымдар жеткiлiксiз. Аудандардағы спорт комитеттерiнiң өзiнде бiрақ штат қаралуы мәселенiң қандай деңгейде екендiгiн көрсетсе керек. Мүгедектер арасындағы сауықтыру жұмыстары жылына спорттың 2-3 түрiнен жарыс өткiзуден аспайды. Техникалық спорт түрлерiн дамытуға көңiл бөлiнбейдi.
«Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағының 14-тармақшасына, 7-бабының 1-тармағына сәйкес облыстық Мәслихат ШЕШIМ ЕТЕДI:
Тармақ 1
1. Облыста дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмiр салтын қалыптастыру бағытында бiршама iс-шаралар атқарылғаны атап өтiлсiн және осы iс-шаралардың жүйелi, мақсатты орындалуын жетiлдiре түсу қажет деп табылсын.
Тармақ 2
2. Облыстық әкiмият:
Тармақ 2.1
2.1. Облыстық Мәслихаттың VII сессиясында бекiтiлген «Қызылорда облысында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған аумақтық бағдарламасында» белгiленген iс-шараларды көрсетiлген мерзiмiнде қаржыландыру шараларын белгiлесiн;
Тармақ 2.2
2.2. облыстағы арнайы спорт мектептерiнiң материалдық-техникалық базасын нығайтуды және спортшылардың жарыстарға қатысуына қаржылық көмек көрсетудi жүзеге асырсын;
Тармақ 2.3
2.3. жергiлiктi бюджеттi қалыптастыру және оған өзгертулер енгiзу барысында кенттерде, ауылдық округтерде бұқаралық спорт және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын тұрғындар арасында ұйымдастыру үшiн штаттардың бекiтiлген сандық шегi ауқымында спорт жөнiнен нұсқаушы лауазымын енгiзу мүмкiндiгiн қарастырсын;
Тармақ 2.4
2.4. барлық елдi мекендерде стадиондардың, спорт залдары мен алаңдарының болуын, тұрғылықты мекендерi бойынша жасөспiрiмдер клубтарын құруды және олардың жұмыстарын жандандыруға, дене шынықтыру мен спортпен айналысуға қажеттi құрал-жабдықтармен жүйелi түрде қамтамасыз етудi жүзеге асырсын;
Тармақ 2.5
2.5. бiлiм беру ұйымдарында дене шынықтыру пәнi мен кластан тыс жұмыстарының «Бiлiм туралы», «Дене шынықтыру мен спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңдары мен «Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына» сай жүргiзiлуiн қамтамасыз етсiн;
Тармақ 2.6
2.6. ел арасындағы көпшiлiк жиындарда санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмай, жұқпалы аурулар ошағының тарауына және ұлттық салт-дәстүрлердiң атқарылуында жiберiлiп жатқан зиянды әрекеттерге қарсы күрес шараларын белгiлесiн;
Тармақ 2.7
2.7. бұқаралық спортты дамыту шараларын жандандыру, дене шынықтыру мен спортқа тарту арқылы халық арасында салауатты өмiр салтын насихаттау және қалыптастыру жұмыстарын күшейтiп, осы мақсатта телешығарылымдар мен баспасөз беттерiнде қоғамдық пiкiр қалыптастыратын мақалалар мен пiкiрталастардың, ұлттық тағылым мен әдiстердiң озық үлгiлерiнiң ұдайы түрде жариялануына ықпал жасасын;
Тармақ 3
3. Облыстық туризм және спорт басқармасына:
Тармақ 3.1
3.1. барлық стадиондар, спорт залдары, клубтары мен алаңдардың төлқұжаттануын жүзеге асырсын, олардың жүйелi әрi мақсатты пайдалануына бақылау жасау;
Тармақ 3.2
3.2. облыстық әскери комиссариатпен бiрлесе отырып, әскерге шақырылатын жастар арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерiнен спартакиадалар өткiзудi қамтамасыз ету;
Тармақ 3.3
3.3. бұқаралық спортты дамыту жөнiнен озат қала, аудан, озат спорттық өндiрiс ұжымы, озат спорттық жоғары оқу орны туралы Ереженi жасасын және марапаттау жүйесiн ойластыра отырып, жыл сайын конкурстар өткiзсiн; спорт түрлерi бойынша балалар спорт мектептерi базасында даму мүмкiндiгi шектеулi балалар үшiн спорт секцияларын ашу ұсынылсын.
Тармақ 4
4. Меншiк түрiне қарамастан барлық мекеме, ұйым және кәсiпорындар басшыларына дене шынықтыру және ерiктi спорт қоғамдарын құру ұсынылсын.
Тармақ 5
5. Облыстық Мәслихат депутаттарына өздерi сайланған округтерде осы шешiмнiң орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысу, орындалу барысы туралы ұдайы хабарлап отыру және осы мәселелер бойынша тұрақты комиссиялардың жауапкершiлiгi мен белсендiлiгiн арттыру ұсынылсын.
Тармақ 6
6. Осы шешiмнiң орындалуына бақылау жасау облыстық Мәслихаттың әлеуметтiк және мәдени мәселелер жөнiндегi тұрақты комиссиясына жүктелсiн.