Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
10-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы
1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған адам кiнәсi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және өз өкiлеттiктері шегiнде iстi қараған судьяның, органның (лауазымды адамның) заңды күшiне енген қаулысымен белгiленгенге дейін кiнәсiз деп есептеледi.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралған жағдайда, сондай-ақ
ескерту немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама
бойынша өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған адам тиісті шешім заңды күшiне енген кезге дейін кiнәсiз деп есептеледi.
2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.
3. Кiнәлiлiкке келтiрiлген кез келген күмәндар өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған тұлғаның пайдасына түсiндiрiледi. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдану кезiнде туындайтын күмәндар да оның пайдасына шешiлуге тиiс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-10/