Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

172-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы және жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзу

Об административных правонарушениях · № 235

1. Энергия өндіруші ұйымның Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасында көзделген инвестициялардың көлемі мен бағыттары не инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы мәліметтерді масс-медиада жарияламауы, уақтылы, анық немесе толық жарияламауы – орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сегіз жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Энергия өндіруші ұйымның Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасында көзделген электр энергиясын өндіру мен өткізуге жұмсалған шығындар бойынша және электр энергиясын өндіру мен өткізу көлемі бойынша есептерді ұсынбауы, уақтылы, анық немесе толық ұсынбауы – орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – үш жүз жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың, жылумен жабдықтау субъектілерінің мемлекеттік органдар сұрау салған, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы және жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында көзделген өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына қажетті ақпаратты ұсынбауы, уақтылы, анық немесе толық ұсынбауы – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – үш жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, энергия өндіруші ұйымның келісімде айқындалған инвестициялық міндеттемелерді орындамауы – орта кәсіпкерлік субъектілеріне – келісімде көзделген инвестициялық міндеттемелерді іске асыруға пайдаланылмаған соманың бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне он пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Электр және (немесе) жылу энергиясын заңсыз шектеу және (немесе) ажырату – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жетпіс бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның тұтынушымен энергиямен жабдықтау жеке шартын жасасудан бас тартуы – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жетпіс бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-172/