Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

211-1-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұзу

Об административных правонарушениях · № 235

1. Коллекторлық агенттіктің мынадай жосықсыз әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса:
1) борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) үшінші тұлғамен өзара іс-қимылдың "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделмеген өзге де тәсілдерін пайдалануы;
2) кредиторға тиісті шарт шеңберінде коллекторлық қызмет бойынша қызметтер көрсету кезінде борышкерден берешекті өтеу есебінен ақшаны (қолма-қол немесе қолма-қол емес нысанда), сондай-ақ өзге де мүлікті қабылдауы;
3) кредиторға тиісті шарт шеңберінде коллекторлық қызмет бойынша қызметтер көрсету кезінде берешекті ақшадан басқа, өзге де мүлікпен өтеуді талап етуі;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредитордан және (немесе) оның өкілінен және (немесе) үшінші тұлғалардан алынған коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны жария етуі – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
1-1. Борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасайтын коллекторлық агенттік жұмыскерінің мынадай жосықсыз әрекеттер жасауы:
1) борышкерді және (немесе) оның өкілін және (немесе) үшінші тұлғаны банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша берешектің мөлшеріне, сипатына және туындау негіздеріне қатысты жаңылыстыруы;
2) борышкерге және (немесе) оның өкіліне және (немесе) үшінші тұлғаға анық емес тегін және (немесе) атын және (немесе) әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), сондай-ақ жұмыс орны және (немесе) лауазымы туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді хабарлауы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жосықсыз әрекеттерді қоспағанда, коллекторлық агенттіктің коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бұзуы – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
3. Коллекторлық агенттіктің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес талап етілетін ақпаратты уақтылы бермеуі – ескерту жасауға алып келеді.
3-1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3-2. Коллекторлық агенттіктің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес талап етілетін ақпаратты бермеуі – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
3-3. Коллекторлық агенттіктің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін мәліметтерді қамтымайтын ақпаратты беруі не анық емес ақпаратты не көрінеу анық емес мәліметтерді беруі – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
4. Коллекторлық агенттіктердің анық емес, сол сияқты толық емес есептілік ұсынуы – ескерту жасауға алып келеді.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Ескертпе. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде ұсынылуы талап етілетін есептіліктің анық емес, сол сияқты толық емес сол бір нысаны ұсынылған жағдайларда басталады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-211-1/