Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

273-бап. Мәмілелер мониторингі бойынша есептілікті, трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті, халықаралық топқа қатысу туралы өтініштерді, трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыруға қажетті құжаттарды ұсынбау, ұсынудан бас тарту

Об административных правонарушениях · № 235

1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген мерзімде мәмілелер мониторингі бойынша есептілікті мемлекеттік кіріс органына ұсынбауы, сондай-ақ салық төлеушiнiң трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды (оның iшiнде электрондық түрде) уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде ұсынбауы не оны ұсынудан бас тартуы – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мәмілелер мониторингі бойынша есептіліктің деректері мен тексеру барысында алынған деректер арасында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен асатын алшақтықтарды анықтау – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Салық төлеушінің мемлекеттік кіріс органына Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген мерзімдерде трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті және халықаралық топқа қатысу туралы өтініштерді ұсынбауы, анық немесе толық ұсынбауы, ұсынудан бас тартуы – орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) – орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-273/