Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

284-бап. Бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртiбiн бұзу

Об административных правонарушениях · № 235

1. Сауда операциялары, қолма-қол ақша арқылы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жүргізілетін ақшалай есеп айырысуды Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру кезінде бақылау-кассалық машиналарды қолданбау, сондай-ақ ақаулы болып табылатын немесе пайдалану орны бойынша мемлекеттік кіріс органының есебінде тұрмаған бақылау-кассалық машиналарды қолдану – ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеу не бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін тауарға немесе көрсетілетін қызметке төленген сомадан артық немесе кем сомаға беру – ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет - жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Бақылау-кассалық машинаның тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын немесе тауар чектерінің кітабын ауыстыру (қалпына келтіру) үшін, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органы пломбасының бүтіндігін бұзбай жою мүмкін емес бақылау-кассалық машинаның техникалық ақауы болған кезде салықтық өтініш беру мерзімдерін бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады.
6. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Бақылау-кассалық машинаның бақылау чегінде мынадай деректемелердің біреуін немесе бірнешеуін:
1) салық төлеушінің атауын;
2) сәйкестендіру нөмірін;
3) бақылау-кассалық машинаның зауыттық нөмірін;
4) бақылау-кассалық машинаның мемлекеттік кіріс органындағы тіркелу нөмірін;
5) чектің реттік нөмірін;
6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету күні мен уақытын;
6-1) сәйкестендіру құралдарын;
7) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бағасын және (немесе) сатып алу сомасын;
8) фискальдық белгіні көрсетпеу не аппараттық-бағдарламалық кешендердің бақылау чегінде (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда) осы бөліктің 1) – 7) тармақшаларында белгіленген бір немесе бірнеше деректемелерді көрсетпеу – ескерту жасауға әкеп соғады.
8. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Бақылау-кассалық машинаны пайдалану кезінде қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын толтырмау не ауысымдық есеп көрсеткіштерінің тиісті күнге қолма-қол ақшаны есепке алу кітабының деректеріне сәйкес келмеуі не қате енгізілген соманы жою немесе өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшаны қайтару операцияларын бақылау-кассалық машинада жүзеге асыру кезінде қолма-қол ақшаны есепке алу кітабында жазба жүргізбеу – ескерту жасауға әкеп соғады.
10. Осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Салықтық тексеру барысында анықталған, кассаның ағымдағы жай-күйі туралы есеп көрсеткіштерінің қолма-қол ақшаны есепке алу кітабында көрсетілген тауарларды өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты емес, қолма-қол ақшаны қабылдау және беру сомалары ескеріле отырып, фискальдық есепті алу кезінде кассадағы қолма-қол ақшаның сомасына сәйкес келмеуі – ескерту жасауға әкеп соғады.
12. Осы баптың он бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет - жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
13. Ауысымдық есепті, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын, тауар чектерін, бақылау-кассалық машинаның тіркеу карточкасын жою немесе қайтару чегін, сондай-ақ жою немесе қайтару операциясы сол бойынша жүргізілген бақылау чегін сақтаудың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімдерін бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады.
14. Осы баптың он үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет - жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
15. Қате енгізілген соманы жою немесе өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшаны қайтару операцияларын, өткізілген тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге бақылау чегінің түпнұсқасынсыз бақылау-кассалық машинада жүргізу – ескерту жасауға әкеп соғады.
16. Осы баптың он бесінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
17. Мемлекеттік кіріс органы пломбасының бүтіндігін бұзбай жою мүмкін емес бақылау-кассалық машинаның техникалық ақауы жойылғаннан кейін пломба орнату үшін бақылау-кассалық машинаны мемлекеттік кіріс органына ұсыну мерзімін бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады.
18. Осы баптың он жетінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
19. Фискальдық деректер операторының деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау, сақтау, сондай-ақ оларды мемлекеттік кіріс органдарына беру тәртібін бұзуы – ескерту жасауға алып келеді.
20. Осы баптың он тоғызыншы бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет – фискальдық деректер операторына бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-284/