Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

383-бап. Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу

Об административных правонарушениях · № 235

1. Балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылық – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Әуесқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, тыйым салынған мерзімдерде, тыйым салынған құралдармен немесе тәсiлдермен, тыйым салынған жерлерде балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ өрескел бұзу – әкімшілік құқық бұзушылық заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – әкімшілік құқық бұзушылық заттары және (немесе) құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға – қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Балықтың су тарту құрылыстарына түсуінен қорғау үшін арнайы бейімделген құрылғыларды орнатпай, балық шаруашылығының су айдындарынан су тарту – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-383/