Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

47-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау

Об административных правонарушениях · № 235

1. Рұқсаттан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру рұқсатта көзделген қызметті жүзеге асыру не белгілі бір әрекеттердi (операцияларды) жасау кезiнде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн қолданылады.
1-1. Рұқсаттан айыруды не оның қолданысын тоқтата тұруды осы баптың үшінші, төртінші, алтыншы және 6-1-бөліктерінің ережелерін ескере отырып, судья, уәкілетті орган (лауазымды адам) қолданады.
2. Рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру мерзімі бір айдан кем болмауға және алты айдан аспауға тиіс.
3. Кредиттiк бюроның рұқсатынан айыруды қоспағанда, қаржы саласындағы қызметтi және қаржы ресурстарын шоғырландырумен байланысты қызметтi жүзеге асыруға рұқсатты тоқтата тұруды не одан айыруды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен құзыреттері шегінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
4. Тiзiлiмнен алып тастауды Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
6. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығаруды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырады.
6-1. Төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырады.
7. Егер жүзеге асырылуы кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған қызмет лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі болып табылса, рұқсаттан айыру не рұқсатты тоқтата тұру түріндегі әкімшілік жаза лицензияланатын қызмет түрінің нақты кіші түріне ғана қолданылады. Ескертпе. Осы Кодекстің мақсаттары үшін рұқсаттан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру деп лицензияланатын қызмет түрін немесе оның кіші түрін жүзеге асыруға арналған лицензиядан, арнайы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгінен) не қызметтің белгілі бір түріне немесе кіші түріне не белгілі бір әрекетті жасауға, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де рұқсат беру құжатынан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру түсініледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-47/