Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

49-1-бап. Қоғамдық жұмыстар

Об административных правонарушениях · № 235

1. Сот қоғамдық жұмыстарды жеке тұлғаларға қатысты қолданады.
2. Сот әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жеке тұлғаның келісімі болған кезде қоғамдық жұмыстарды қолданады.
3. Қоғамдық жұмыстар әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның өзінің тұрғылықты жерінде орналасқан қоғамдық орындарда жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін, қоғамға пайдалы ақысыз жұмыстарды орындауынан тұрады.
4. Қоғамдық жұмыстар сағатпен есептеледі және он сағаттан бір жүз сағатқа дейінгі мерзімге белгіленеді.Қоғамдық жұмыстарды орындау күніне бір сағаттан кем болмауға және төрт сағаттан аспауға тиіс.Қоғамдық жұмыстар жұмыстан және оқудан бос уақытта орындалады.
5. Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқу орындарында оқымайтын адамдар қоғамдық жұмыстарды күніне кемінде бір сағат және сегіз сағаттан асырмай, бірақ аптасына қырық сағаттан асырмай орындайды.
6. Қоғамдық жұмыстарды орындаудың жалпы ұзақтығы төрт айдан аспауға тиіс.
7. Қоғамдық жұмыстар:
1) жүкті әйелдерге;
2) үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге;
3) үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлерге;
4) он сегіз жасқа толмаған адамдарға;
5) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
6) елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге;
7) алпыс үш жастағы және ол жастан асқан ерлерге;
8) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылмайды.
8. Қоғамдық жұмыстарды орындау кезеңінде осы баптың жетінші бөлігінде көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда, сот жергілікті атқарушы органдардың өтінішхаты бойынша мұндай адамды қоғамдық жұмыстарды орындаудан босатады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-49-1/