Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
490-бап. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында:
1) дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге;
2) қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға;
3) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға;
4) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) белгіленген талаптарды бұзу –
ескерту жасауға не жеке тұлғаларға – жиырма бес, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, –
жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға – елу, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуы –
ескерту жасауға не Қазақстан Республикасының азаматтарына елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,
шетел азаматтары
мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
ҚР Конституциялық Сотының 26.02.2025 № 67-НҚ нормативтік қаулысымен осы Кодекстің 490-бабының үшінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
4. Діни бірлестіктің өз жарғысында көзделмеген қызметті жүзеге асыруы –
қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Діни бірлестіктің саяси қызметпен айналысуы, сол сияқты саяси партиялардың қызметіне қатысуы және (немесе) оларға қаржылық қолдау көрсетуі, мемлекеттік органдардың қызметіне араласуы не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын діни бірлестіктер мүшелерінің иемденіп алуы –
қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, мекемелерде, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құру –
лауазымды адамдарға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолданбауы –
ескерту жасауға не Қазақстан Республикасының азаматтарына елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,
шетел азаматтары
мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
8. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
қызметке тыйым сала отырып, жеке тұлғаларға – екі жүз, лауазымды адамдарға – үш жүз, заңды тұлғаларға бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-490/