Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
559-бап. Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу
1. Темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
1-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Темiржолды, қорғаныштық ағаш екпелерін, қардан қорғайтын қоршауларды және басқа да жол объектiлерiн, сигнал беру және байланыс құрылыстары мен құрылғыларын бүлдiру –
жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жүктердi тиеу және түсiру кезiнде белгiленген көлемдердi сақтамау –
жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Темiржолдарға поездар қозғалысының бұзылуын туындатуы мүмкін заттар төсеу, тастау немесе қалдыру –
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту –
ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5-1. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
6. Қазақстан Республикасының темiржол көлігі туралы заңнамасының талаптарын
1) теміржол желісінің бағыттамалық бұрмаларын, станциялық және магистральдық жолдарын және теміржол кірме жолдарын күтіп-ұстау;
2) жылжымалы құрамды, теміржол көлігіндегі жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техникалық құралдарды, жасанды құрылысжайларды, сондай-ақ теміржол өткелдерін күтіп-ұстау, пайдалану және жөндеу кезінде жасалған бұзушылық –
жеке тұлғаларға – үш, лауазымды адамдарға – жеті, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – сегіз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын жылжымалы теміржол составының қалпына келтіруге келмейтін жағдайға дейін зақымдануына әкеп соққан бұзушылық –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын соның салдарынан жылжымалы составты ағыту және жөндеуге беру талап етілетін көлемде зақымдауға жол берілген бұзушылық –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Тасымалдау процесіне қатысушылардың уәкілетті органға теміржолдардағы қауіпсіздік бойынша жол берілген бұзушылықтар туралы ақпаратты теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында белгіленген мерзімдерде бермеуі -
лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-559/