Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
785-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi қамтамасыз ету шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасауға күдiктiнiң жеке басын анықтау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мүмкiн болмағанда, оны жасау, iстi уақтылы және дұрыс қарауды және iс бойынша қабылданған қаулыны,
ескерту немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы
ресімделген нұсқаманы
орындауды қамтамасыз ету, адамдардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қатерді, авария немесе техногендік апат қатерін болғызбау мақсатында уәкiлеттi лауазымды адам өз өкiлеттiктерi шегiнде жеке тұлғаға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудің мынадай шараларын қолдануға құқылы:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалатын жерге жеткiзу;
2) жеке тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алу;
3) күштеп әкелу;
4) жеке басын жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді;
5) көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелерді жете тексеру;
6) құжаттарды, заттар мен тауарларды алып қою;
7) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi басқарудан шеттету және оның алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан масаң күйiн куәландыру;
8) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi ұстап алу, жеткiзу және пайдалануға тыйым салу;
9) қарап-тексеру;
10) жеке тұлғаның алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйiн медициналық куәландыру;
11) осы Кодекстің 48-бабының тәртібімен қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу.
2. Заңды тұлғаға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудің мынадай шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) заңды тұлғаға тиесiлi үй-жайларды, аумақтарды, ондағы тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру;
2) заңды тұлғаға тиесiлi құжаттарды алып қою;
3) заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу немесе алып қою;
4) осы Кодекстің 48-бабының тәртібімен қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанға дейін (жеке басты жете тексеруді, жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді қоспағанда), іс бойынша іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны орындау сатысында қолданылуы мүмкін.
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде санамаланған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының әрқайсысы жеке немесе егер бұл қажеттіліктен туындаса, бір мезгілде басқа шаралармен бірге қолданылуы мүмкін.
5. Лауазымды адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан келтiрілген зиян үшiн жауапты болады.
6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына осы Кодекстiң 44-тарауында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн.
Жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкілінің талап етуі бойынша оған тиісті хаттамалардың және өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қолданылған тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге қажетті өзге де материалдардың көшірмелері дереу табыс етіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-785/