Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

806-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мерзiмдерi

Об административных правонарушениях · № 235

1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісі анықталғаннан кейін дереу жасалады. Осы Кодекстің 62-бабының 5-1-бөлігінде көзделген жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген бұзушылық жойылмаса, әкімшілік жазаны қолдану мерзімдерін есептеу қайта басталғаннан кейін дереу толтырылады.
2. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізілетін тексеру барысында әкімшілік құқық бұзушылық анықталған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама тиісті тексеру аяқталғаннан кейін дереу жасалады.
3. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған монополистік қызметті, жосықсыз бәсекелестікті, сондай-ақ мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерін (әрекетсіздігін) жүзеге асыру кезінде әкімшілік құқық бұзушылық анықталған жағдайларда хаттама тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданғаннан кейін дереу жасалады.
4. Салық салу не бюджет қаражатын пайдалану саласындағы, техникалық реттеу және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар анықталған жағдайларда, хаттама тиісті тексеру аяқталғаннан кейін дереу жасалады.
5. Осы Кодекстің 897-бабында айқындалған тәртіппен айыппұл төленбеген жағдайда, хаттама осы Кодекстің көрсетілген бабында белгіленген мерзім өткеннен соң бір тәулік ішінде жасалады.
6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың мән-жайларын, өздерiне қатысты iс қозғалған жеке тұлғаның жеке басын немесе заңды тұлға туралы мәлiметтердi және заңды тұлға өкiлiнiң жеке басын қосымша анықтау талап етiлетін жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама көрсетілген мән-жайлар анықталған күннен бастап үш тәулік ішінде, ал осы Кодекстiң 210, 213 (төртінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде), 217, 218, 220, 222, 227 (бірінші, екінші, үшінші және бесінші бөліктерінде), 228 (бірінші және төртінші бөліктерінде), 239 (үшiншi және төртінші бөліктерінде), 243, 244, 251, 252, 464 (бiрiншi бөлiгiнде), 571, 572, 573, 575, 593 (бiрiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі материалдарды аумақтық филиалдарға беру кезінде құқық бұзушылық немесе оны жасаған тұлға анықталған кезден бастап он тәулік ішінде жасалады.
7. Сараптама жүргiзу, маманның зерттеуі, прокурормен келісу талап етiлетiн жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама сараптама және (немесе) маманның қорытындысы, прокурордың келісуі алынған кезден бастап екі тәулiк iшiнде жасалады.
8. Осы Кодекстің 139, 326 (үшінші бөлігі), 327-2 (екінші бөлігі), 328 (төртінші бөлігі), 331 (төртінші бөлігі), 337 (төртінші бөлігі), 344 (бірінші және екінші бөліктері)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша экологиялық залал келтіру фактісін, жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзушылық нәтижесінде келтірілген залал сомасының немесе Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасының мөлшерін анықтау талап етілетін жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама экологиялық залал келтіру фактісі, жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзушылық нәтижесінде келтірілген залал сомасының не тиісінше Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасының мөлшері анықталған кезден бастап бiр тәулiк iшiнде жасалады.
9. Осы баптың алтыншы бөлiгiнде көрсетiлген талаптар жеке тұлғаның анықталмауына байланысты орындалуы мүмкiн емес жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама осы бапта белгiленген мерзiмдерде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсi бойынша жасалады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-806/