Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

851-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды қайта қараудың кассациялық тәртібі

Об административных правонарушениях · № 235

1. Кассациялық сатыдағы сот кемінде үш судьяның алқалы құрамында кассациялық сот төрағасының ұсынуы, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылығы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген сот қаулысының заңдылығын және негізділігін тексеруге құқылы.
2. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның не өзiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай ұсыну, наразылық соттың қаулысы заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде берiлуі мүмкін.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша соттың қаулыларына наразылық келтіру осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
4. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның, жәбірленушінің, олардың заңды өкілдерінің, қорғаушылардың, заңды тұлғалар өкілдерінің, сондай-ақ өздерінің орталық мемлекеттік, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары арқылы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) ұсынуды енгізу және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат беруге құқығы бар. Әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның жағдайын жақсартуға алып келетін, ұсынуды енгізу және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы күшіне енген күннен бастап екі жыл ішінде берілуі мүмкін.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға:
1) қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын;
2) қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын;
3) қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
6. Наразылық келтірген прокурор наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа өтініш беру арқылы оны кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықты кері қайтарып алу қайтадан наразылық келтіруге кедергі болмайды.
7. Кассациялық сатыдағы сотта іс ақылға қонымды мерзімде, бірақ сотқа келіп түскен күнінен бастап алты айдан аспайтын мерзімде қаралады. Істі кассациялық тәртіппен қарау нәтижелері бойынша сот мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) қаулыны – өзгеріссіз, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығаруға негіз болған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қаулының күшін жою және істі тоқтату туралы;
4) іс бойынша қаулының күшін жою және жаңа қаулы шығару туралы.
8. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының күшін жойған және іс кассациялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілген жағдайларда, істі кассациялық сатыда қарау осы тараудың қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-851/