О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) Күшін жойған Кодекс ·№ 120-VI ·25.12.2017
Акт күшін жойған. Мәтін анықтама үшін берілген және қолданыстағы құқық болып табылмайды. Әр баптың орнына не келгенін қараңыз
Күшін жойған · 01.01.2026 редакциясы

3-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының қолданылуы

О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) · № 120-VI

1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданыста болады және осы Кодексте салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеушілер ретінде, сондай-ақ салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді алу және әкімшілендіру жөніндегі тиісті салықтық және өзге де рәсімдерге қатысушылар ретінде айқындалған барлық жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және олардың құрылымдық бөлімшелеріне қолданылады.
2. Жаңа салықты және (немесе) бюджетке төленетін төлемді белгілеу, мөлшерлемені арттыру, салық салу объектісін және (немесе) салық базасын өзгерту, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайту, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша шегерімнің немесе жеңілдіктің күшін жою немесе оларды азайту бөлігінде осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Қазақстан Республикасының заңдары ағымдағы жылғы 1 шілдеден кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізілуі мүмкін.
3. Осы Кодекске салықтық әкімшілендіру, салықтық есептілікті белгілеу ерекшеліктері, салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын жақсарту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар ағымдағы жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірілмей қабылдануы мүмкін.
4. Осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, осы Кодексті қолданысқа енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңын қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде мұндай заң жобасын салық саясаты саласындағы уәкілетті орган әзірлейді.
5. Қазақстан Республикасы заңдарының салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрін белгілейтін, мөлшерлемені арттыратын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын нашарлататын ережелерінің кері күші болмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk-2017/st-3/