Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
331-бап. Мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына салық салу
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына есепті салықтық кезеңде, сондай-ақ есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңде мынадай шарттарға сәйкес келетін заңды тұлғалар жатады:
мүгедектігі бар адамдардың орташа жылдық саны жұмыскерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құрайды;
мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 51 пайызын құрайды.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген шартқа сәйкес келуін:
әділет органында тіркелуі жүзеге асырылған есепті салықтық кезеңде – жаңадан құрылған (пайда болған) ұйымдар;
осындай келісімшартты қолдану бүкіл кезеңі ішінде – ұзақ мерзімді келісімшарт шеңберінде қызметін жүзеге асыратын ұйымдар айқындайды.
2. Мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын осы баптың 3-тармағында белгіленген мөлшерде, мынадай шарттар сақталған кезде азайтады:
1) кірістердің 90 пайызы осындай ұйымның жұмыскерлері болып табылатын мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден және алынған кірістерді осындай ұйымның қызметін жүзеге асыруға жіберуден алынған (алынуға тиіс);
2) мүгедектігі бар адамдар ұйымының жұмыскерлері болып табылатын мүгедектігі бар адамдар мүгедектігі бар адамдардың басқа ұйымдарымен еңбек қатынастарында тұрмайды.
Осы тармақтың 1) тармақшасын қолдану мақсатында мүлікті жалға (жалға) беруден алынған кірістер есепке алынбайды.
3. Мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары осы баптың 2-тармағының шарттары сақталған жағдайда, бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын мүгедектігі бар адамдар болып табылатын жұмыскерлер санына қарай есепті салықтық кезең ішінде мынадай мөлшерде азайтады:
1) мүгедектігі бар адамдар болып табылатын жұмыскерлер саны 3-тен 10-ға дейін болған кезде есептелген корпоративтік табыс салығын 50 пайызға азайту жүргізіледі;
2) мүгедектігі бар адамдар болып табылатын жұмыскерлер саны 10 және одан көп болған кезде есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту жүргізіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-331/