Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
337-бап. Салық салынатын кірісті азайту
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Салық төлеушінің салық салынатын кірісті мынадай шығыстар түрлеріне:
1) деңгейлес мониторингке қатысушыларды қоспағанда, салықтық кезеңде ірі салық төлеушілер мониторингінде тұрған салық төлеушілердің – мынадай:
көмек алатын тұлғаның тарапынан өтініш жасалу негізінде салық төлеушінің шешімі болған кезде қайырымдылық көмекті;
алушысы:
коммерциялық емес ұйым;
әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйым болып табылатын өтеусіз берілген мүліктің құнын салық салынатын кірістің 3 пайызынан аспайтын жалпы сомасы мөлшерінде азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшаның ережелері жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық қызметі бойынша салық салынатын кірісіне де қатысты қолданылады;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілерді қоспағанда, салық төлеушілердің мынадай:
көмек алатын тұлғаның тарапынан өтініш жасалу негізінде салық төлеушінің шешімі болған кезде қайырымдылық көмекті;
алушысы:
коммерциялық емес ұйым;
әлеуметтiк саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйым болып табылатын, өтеусiз берiлген мүлiктiң құнын салық салынатын кірістің 4 пайызынан аспайтын жалпы сомасы мөлшерінде азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшаның ережелері жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық қызметі бойынша салық салынатын кірісіне де қатысты қолданылады;
3) мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуге жұмсалған шығыстардың 2 еселенген мөлшерін және мүгедектігі бар адамдарға төленетін жалақыға және төлемдерге есептелген әлеуметтік салық сомасының 50 пайызын;
4) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің:
мүгедектігі бар адам;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана және басқа да заңды өкілдер;
зейнеткерлер мен зейнеткерлік жас алдындағы азаматтар (жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқық беретін жасқа келгенге дейін бес жыл ішінде);
жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылғаннан кейін он екі ай ішінде босатылған адамдар;
қандас болып табылатын жұмыскерлерді кәсібін игеру бойынша оқытуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға немесе олардың біліктілігін арттыруға ақы төлеуге жұмсалған шығыстар мөлшерінде азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшада көзделген салық салынатын кірісті азайту салықтық кезеңде бір жұмыскерге жұмсалған шығыстар сомасында, бірақ тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 120 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қолданылады.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген жұмыскердің мәртебесі өзгерген кезде салық салынатын кіріс мөлшерінің азаюы жұмыскер осы тармақшаның бірінші бөлігінде айқындалған мәртебеге сәйкес келген салықтық кезеңдегі айлардың үлес салмағы негізге алына отырып жүргізіледі.
Жұмыскер бойынша салық салынатын кірісті азайту бір рет жүргізіледі және келесі салықтық кезеңдерде қайта қолдануға жол берілмейді;
5) жеке тұлға салық төлеушіде кемінде үш жыл жұмыспен өтеу міндеттемесі туралы шарт жасасқан жағдайда, салық төлеушімен еңбек қатынастарында тұрмайтын жеке тұлғаны оқытуға арналған шығыстарды азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшаның мақсатында оқытуға арналған шығыстар:
оқытуға ақы төлеуге іс жүзінде жұмсалған шығыстарды;
салық саясаты саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормалар шегінде тұруға арналған іс жүзінде жұмсалған шығыстарды;
салық төлеуші айқындаған, бірақ салық саясаты саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормадан аспайтын мөлшердегі ақша сомасын білім алушыға төлеуге арналған шығыстарды;
оқуға түскен кезде оқу орнына баруы және оқу аяқталғаннан кейін қайтуына іс жүзінде жұмсалған шығыстарды;
білім алушы адам оқыту кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде уақытша болған кезеңде науқастанып қалған жағдайға арналған сақтандыру бойынша іс жүзінде жұмсалған шығыстарды қамтиды.
Осы тармақшаның ережелері:
жеке тұлға оқыту шығыстарын жеке тұлғаның оқуы аяқталған салықтық кезеңді, сондай-ақ келесі салықтық кезеңді қамтитын уақыт кезеңі ішінде толық немесе ішінара өтеген жағдайды қоспағанда, өзін оқыту шығыстары бойынша осы тармақшаның ережелері қолданылған жеке тұлғамен еңбек шарты жеке тұлғаның оқуы аяқталған күннен бастап үш ай ішінде жасалмаған жағдайда қолданылмайды. Мұндай өтеу жағдайында осы тармақшаның ережелері оқыту шығыстарының жеке тұлға өтемеген сомасының мөлшерінде қолданылмайды;
жеке тұлға оқыту шығыстарын еңбек шарты бұзылған салықтық кезеңді, сондай-ақ келесі салықтық кезеңді қамтитын уақыт кезеңі ішінде толық немесе ішінара өтеген жағдайды қоспағанда, өзін оқыту шығыстары бойынша осы тармақшаның ережелері қолданылған жеке тұлғамен еңбек шарты мұндай тұлғамен еңбек шарты жасалған күннен бастап үш жыл өткенге дейін бұзылған жағдайда қолданылмайды. Мұндай өтеу жағдайында осы тармақшаның ережелері оқыту шығыстарының жеке тұлға өтемеген сомасының мөлшерінде қолданылмайды;
жер қойнауын пайдаланушы мұндай оқыту шығыстарына қатысты осы Кодекстің 317-бабының ережелерін қолданған жағдайда қолданылмайды;
6) мыналарға:
қорғау құжаты бар жұмыстарды қоса алғанда, өнеркәсіптік меншік объектісін құруға байланысты ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға;
ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында лицензиялық шарт немесе айрықша құқықты басқаға беру шарты бойынша жоғары оқу орындарынан, ғылыми ұйымдардан, автономиялық білім беру ұйымдарынан, стартап-компаниялардан зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарға ие болуға арналған, осы Кодекстің 269-бабына сәйкес шегерімге жатқызылған соманың 200 пайызы мөлшерінде азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшаның ережелері Қазақстан Республикасының аумағында аталған жұмыстар жүргізілген және (немесе) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелері енгізілген (пайдаланылған) жағдайда қолданылады.
Тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша ғылым саласындағы уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша жасалған және тәртіппен келісілген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ендіру (пайдалану) актісі ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуді және (немесе) көрсетілген жұмыстардың нәтижесін және (немесе) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ендіруді (пайдалануды) растау болып табылады;
7) Қазақстан Республикасының нысаналы капитал қорлары және эндаумент – қорлар (нысаналы капиталдар) туралы заңнамасына сәйкес эндаумент – қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру жолымен эндаумент – қорға (нысаналы капиталға) эндаумент (нысаналы салым) түріндегі шығыстарды, бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде, азайтуға құқығы бар:
Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес тіркелген нысаналы капитал қоры эндаументті (нысаналы салымды) алушы болып табылады;
нысаналы салым шарты эндаументті (нысаналы салымды) мерзімсіз және кері қайтарып алынбайтын беруді көздейді;
эндаументті (нысаналы салымды) нысаналы пайдалануды көздейтін нысаналы салым шарты бойынша міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжаттардың болуы.
Жер қойнауын пайдаланушылар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 36-бабы 2-тармағының 5), 9) және 10) тармақшаларында және 2-1-тармағының 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген міндеттемелерді орындағаннан кейін осы тармақшаның ережелерін қолданады.
2. Салық төлеушінің мынадай кіріс түрлеріне салық салынатын кірісті азайтуға құқығы бар:
1) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, лизинг шарты бойынша сыйақы сомасының 50 пайызы, бірақ осы бапта көзделген, азайтылғанға дейін айқындалатын, есепті салықтық кезең үшін салық салынатын кіріс сомасының 50 пайызынан аспайды;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде осындай сыйақыны есепке жазу күніндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
3) агенттік облигациялар бойынша сыйақы;
4) даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған, ұлттық басқарушы холдинг шығарған бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
5) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен осы қор биржасының ресми тізімдерінде өткізілген күні тұрған бағалы қағаздарды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
6) агенттік облигацияларды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістер;
7) егер осы тармақтың 5) және 10) тармақшаларында өзгеше белгіленбесе, мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
акциялар немесе қатысу үлестері өткізілген күні салық төлеуші осы акцияларға немесе қатысу үлестеріне үш жылдан астам иелік еткенде;
осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға немесе осындай консорциумға қатысу үлесін өткізетін осындай консорциумға қатысушы жер қойнауын пайдаланушы болып табылмағанда;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға активтерінің құнында немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай консорциумға қатысушылар активтерінің жалпы құнында осындай өткізу күніне 50 пайыздан аспағанда, резидент-заңды тұлға шығарған акцияларды немесе резидент-заңды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасында құрылған консорциумға қатысу үлестерiн өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістер.
Салық төлеушінің акцияларды немесе қатысу үлестерін иеленуінің осы тармақшада көрсетілген мерзімі, егер акцияларды немесе қатысу үлестерін салық төлеуші бұрынғы меншік иелерінің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде алса, бұрынғы меншік иелерінің мұндай акцияларды немесе қатысу үлестерін иелену мерзімдері ескеріле отырып, жиынтық түрде айқындалады.
Осы тармақшаның мақсатында өз мұқтаждықтары үшін жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің акциялары немесе қатысу үлестері өткізілетін заңды тұлғаның немесе консорциумның активтері құнындағы үлесі осы Кодекстің 687-бабына сәйкес айқындалады;
8) мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
борыштық бағалы қағаздарды өткізу күніне салық төлеуші осы борыштық бағалы қағаздарды үш жылдан астам иеленіп келгенде;
мұндай эмитент-заңды тұлға жер қойнауын пайдаланушы болып табылмағанда;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі эмитент-заңды тұлға активтерінің құнында осындай өткізу күніне 50 пайыздан аспағанда, осы тармақтың 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген кірістерді, сондай-ақ жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлғаның кірістерін қоспағанда, эмитенті резидент-заңды тұлға болып табылатын борыштық бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістер.
Осы тармақшаның мақсатында өз мұқтаждықтары үшін жер асты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің эмитент-заңды тұлға активтерінің құнындағы үлесі осы Кодекстің 687-бабына сәйкес айқындалады;
9) даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг шығарған бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс;
10) «Астана Хаб» қатысушылары шығарған акцияларды, «Астана Хаб» қатысушысының жарғылық капиталына қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
11) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі бөлетін гуманитарлық көмек түрінде уәкілетті органдар арқылы алынған және мақсаты бойынша пайдаланылған мүліктің құны;
12) республикалық мемлекеттік кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде мемлекеттік органнан немесе республикалық мемлекеттік кәсіпорыннан өтеусіз негізде алған мүліктің құны;
13) дауыс беретін акцияларының 100 пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі орнықтылық ұйымы ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде алған, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым берген банктік салым шарты бойынша сыйақы;
14) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген теңіз кемесімен бербоут-чартер, тайм-чартер шарттары бойынша жүкті тасымалдауды жүзеге асырудан және (немесе) көрсетілетін қызметтерді ұсынудан түсетін кірісі;
15) «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айрықша құқығы болған кезде Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық фильмді прокаттаудан және кинозалдарда көрсетуді жүзеге асырудан түсетін Қазақстан Республикасының кинематография туралы заңнамасына сәйкес ұлттық фильм деп танылған осындай фильмнің құқық иеленушісінің кірістері.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 5) тармақшаларының ережелері мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша сыйақыға және құн өсімінен түсетін кіріске қатысты қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 5) тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі есепті салықтық кезең үшін алынған кіріс сомасының 50 пайызы мөлшерінде шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кіріске және құнның өсімінен түсетін кіріске қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-337/