Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
342-бап. Туынды қаржы құралы бойынша залал
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Туынды қаржы құралы бойынша залал осы Кодекстің 290 және 291-баптарына сәйкес айқындалатын шығыстардың түсімдерден асып кетуі ретінде айқындалады.
Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, туынды қаржы құралы бойынша залал құқықтар орындалған, мерзімінен бұрын немесе өзгеше тоқтатылған күні, сондай-ақ өзі бойынша талаптар туынды қаржы құралымен бұрын жасалған мәміле бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара өтейтін туынды қаржы құралымен мәміле жасалған күні танылады.
Своп бойынша, сондай-ақ қолданылу мерзімі жасалған күнінен бастап он екі айдан асатын, орындалуы қаржы құралының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін мөлшері бағаның, валюта бағамының, пайыздық мөлшерлемелер көрсеткіштерінің, индекстердің және осындай туынды қаржы құралы белгілеген өзге көрсеткіштің өзгеруіне байланысты болатын төлемдерді жүзеге асыруды көздейтін өзге туынды қаржы құралы бойынша залал осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген асып кету пайда болатын әрбір салықтық кезеңде танылады.
Бұл ретте хеджирлеу немесе базалық активті беру мақсаттарынан өзге мақсаттарда пайдаланылатын туынды қаржы құралы бойынша залал осы баптың 2-тармағында айқындалған тәртіппен ауыстырылады.
Хеджирлеу мақсатында қолданылатын туынды қаржы құралы бойынша залал осы Кодекстің 292-бабына сәйкес есепке алынады.
2. Базалық активті хеджирлеу немесе жеткізу мақсаттарына қарағанда өзге мақсаттарда пайдаланылатын туынды қаржы құралдары бойынша залалдар базалық активті хеджирлеу немесе жеткізу мақсаттарына қарағанда өзге мақсаттарда пайдаланылатын туынды қаржы құралдары бойынша кірістер есебінен өтеледі.
Егер мұндай залалдар туындаған кезеңінде өтелмесе, онда олар соңғы кезеңі қоса алынатын кейінгі он жылға ауыстырылуы және базалық активті хеджирлеу немесе жеткізу мақсаттарына қарағанда өзге мақсаттарда пайдаланылатын туынды қаржы құралдары бойынша кірістер есебінен өтелуі мүмкін.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-342/