Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
535-бап. Төлеушілер
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 461. Плательщики
· толық сәйкестік кестесі
1. Мыналар акциз төлеушілер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес төлем жүргізілген акцизделетін тауарларды импорттауды қоспағанда, сондай-ақ өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болған кезде Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін тауарлар шығаратын;
2) акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын, газохолды, бензанолды, мұнай еріткішін, жеңіл көмірсутек қоспасын, экологиялық отынды көтерме, бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын;
4) осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 5) – 7) тармақшаларында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, Қазақстан Республикасының аумағында тәркіленген, иесіз қалған, мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншігіне өтеусіз берілген акцизделетін тауарларды өткізуді жүзеге асыратын;
5) осы Кодекстің 536-бабында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, акцизделетін тауарлардың мүліктік массасын өткізуді жүзеге асыратын;
6) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес төлем жүргізілген акцизделетін тауарларды импорттауды қоспағанда, сондай-ақ өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болған кезде осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.
2. Мынадай:
1) кәсіпкерлік қызмет мақсаттарында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарларды импорттайтын жеке тұлғалар да акциздерді төлеушілер болып табылады.
Акцизделетін тауарларды кәсіпкерлік қызмет мақсаттарында импортталатындарға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган белгілейді;
2) осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 10) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің және (немесе) ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан импорттайтын, сондай-ақ осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 10) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларды сатып алатын жеке тұлғалар да акциздерді төлеушілер болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері ескеріле отырып, бейрезидент-заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері де акциздерді төлеушілер болып табылады.
4. Осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген тәркіленген, иесіз қалған, мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншігіне өтеусіз берілген акцизделетін тауарларды өткізуді, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды салуды және одан шығаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар акциздерді төлеушілер болып табылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-535/