Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
633-бап. Орман және өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу мен төлеу тәртібі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы сомасын мемлекеттік орман иеленушілер есептейді және мөлшері осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленетін төлемақыны қоспағанда, рұқсат беру құжатында көрсетіледі.
2. Мемлекеттік орман қорының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аумағынан тыс жерде өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы сомасын астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары есептейді.
3. Төлемақы мөлшері:
сүректі түбірімен босатқан кезде – осы Кодекстің 630-бабында белгіленген коэффициенттер ескеріле отырып, орман пайдалану көлемі және төлемақы мөлшерлемелері негізге алына отырып;
төлемақы мөлшері осы Кодекстің 630-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын орманды пайдалануды қоспағанда, орман пайдаланудың өзге де түрлері кезінде – орман пайдаланудың көлемі және (немесе) алаңы, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейтін орман пайдаланудың өзге де түрлері үшін төлемақы мөлшерлемелері негізге алына отырып айқындалады.
4. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы сомасы бюджетке орман пайдалану объектісінің тұрған жері бойынша мынадай мерзімдерде:
1) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде – орман пайдаланудың жыл сайынғы көлемінің жалпы сомасының тең үлестерімен тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмейтін мерзімде;
2) қысқа мерзімді орман пайдалану кезінде – рұқсат беру құжаттарын алғанға дейін немесе алған күні төленеді. Бұл ретте рұқсат беру құжатында төлем құжатының деректемелері көрсетіле отырып, ақы төлеудің жүргізілгені туралы белгі қойылады;
3) түбірімен босатылатын сүрек үшін – жазылып берілген ағаш кесу билеттері бойынша жылдық төлемақы сомасының тең үлестерімен тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде;
4) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қойғаны үшін – әрбір жекелеген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде белгіленетін мерзімдерде төленеді.
5. Мемлекеттік орман қорының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аумағынан тыс жерде өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы сомасы бюджетке пайдалану объектісінің тұрған жері бойынша тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмейтін мерзімде жылдық төлемақы сомасының тең үлестерімен төленеді.
6. Егер сүректі түбірімен, шайырды, ағаш шырындарын және қосалқы орман ресурстарын босату кезінде дайындалған сүректің, шайырдың, ағаш шырындарының және қосалқы орман ресурстарының жалпы көлемі ағаш кесу билетінде көзделген көлеммен (алаңмен) сәйкес келмесе, мемлекеттік орман иеленушілер іс жүзінде дайындалған көлем үшін төлемақы сомасын қайта есептеуді жүргізеді. Қайта есептеу кезінде белгіленген төлемақы сомасы оны төлеудің кезекті мерзімінде төленеді.
7. Кезекті мерзімге кесуге берілетін кесілмеген ағаштар, сондай-ақ алдыңғы жылы кесу басталмаған кеспеағаш аймағы үшін төлемақы сомасын төлеу осы Кодекстің 630-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
8. Төлемақы сомасын төлеу банк ұйымдары арқылы аудару не оны орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қатаң есептілік бланкілері негізінде мемлекеттік орман иеленушілердің кассаларына қолма-қол ақшамен енгізу жолымен жүргізіледі.
Қолма-қол ақшамен қабылданған төлемақы сомаларын мемлекеттік орман иеленушілер ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей банк ұйымдарына кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, бюджетке есепке жатқызу үшін ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады.
9. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшамен төлеген кезде қатаң есептілік бланкілеріне мемлекеттік орман иеленушілердің бизнес-сәйкестендіру нөмірі қойылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-633/