Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
679-бап. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
көздерден кірістері
1. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістері деп кірістердің мынадай түрлері танылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды өткізуден түсетін кіріс, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасындағы, оның шегінен тысқары жердегі тауарларды өткізуден түсетін кіріс;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін кіріс;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде ақпаратты өңдеу жөніндегі қызметтерді, басқарушылық, қаржылық, консультациялық, инжинирингтік, маркетингтік, аудиторлық, дизайнерлік қызметтерді, жарнама, заң (соттарда, төрелікте немесе аралық сотта өкілдік ету және құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау бойынша көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ нотариаттық көрсетілетін қызметтерді қоспағанда) қызметтерін көрсетуден түсетін кіріс.
Осы бөлімнің мақсаттарында мыналар қаржылық көрсетілетін қызметтер деп танылады:
сақтандыру нарығына (сақтандыру және (немесе) қайта сақтандыру бойынша көрсетілетін қызметтерді қоспағанда), бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың қызметі;
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметі;
банк қызметі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізу жөніндегі ұйымдардың қызметі (Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасының құрылымдық бөлімшесіне банктік шоттарды ашу және жүргізу, аудару операциялары, кассалық операциялар, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын қоса алғанда, шетел валютасымен айырбастау операциялары, төлем құжаттарын инкассоға қабылдау бойынша көрсетілген қызметтерді қоспағанда);
орталық депозитарийдің және өзара сақтандыру қоғамдарының қызметі;
әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі;
әлеуметтік сақтандыру қорының қызметі;
4) жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тiркелген тұлғаның жұмыстардың, қызметтердің іс жүзінде орындалған, көрсетiлген жерiне қарамастан, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетiн кірістері, сондай-ақ осы бапта белгiленген өзге де кірістер.
Осы тармақшаның ережелері:
осындай мемлекеттің аумағында жеке тұлғаға туристік қызметтер көрсетуден;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған әуежай қызметін жүзеге асырудан түсетін кіріске қатысты қолданылмайды;
5) шет мемлекетте тіркелген тұлғаның мынадай:
осындай аванс (алдын ала төлем) төленген күннен бастап он екі ай ішінде бейрезидент қанағаттанбаған;
авансты (алдын ала төлемді) төлеген тұлға таратылған кезде тарату салықтық есептілігін ұсынған күнге бейрезидент қанағаттанбаған шарттардың бірі орындалған кезде алынған аванс (алдын ала төлем) бойынша міндеттемелері түріндегі кірістері.
Авансты (алдын ала төлемді) төлеген тұлға таратылған кезде осы Кодекске сәйкес тарату салықтық тексеруін жүргізу немесе камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды беру көзделген жағдайда, осындай міндеттеменің мөлшері:
салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес төленуге жатқан және аралық тарату балансын бекіту күніне осы баланста көрсетілуге жататын (көрсетілген) міндеттемелер сомасы (қосылған құн салығының сомаларын қоспағанда)
алу
аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап және тарату салықтық тексеруі немесе камералдық бақылау аяқталған күнге дейінгі кезеңде қанағаттандырылатын міндеттемелер сомасы ретінде айқындалады.
Тарату салықтық тексеруінің нәтижелері бойынша міндеттеменің мөлшерін салық органы көрсетілген кезең үшін қанағаттандырылған міндеттемелердің нақты сомасын негізге ала отырып айқындайды. Мұндай міндеттеменің мөлшері салықтық тексеру актісінде көрсетіледі.
Камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша міндеттеменің мөлшерін салық органы көрсетілген кезең үшін қанағаттандырылған міндеттемелердің нақты сомасын негізге ала отырып айқындайды және камералдық бақылау нәтижелері бойынша болжалды алшақтықтар туралы хабарламада көрсетіледі;
6) осындай тауарлар берілген, қызметтер көрсетілген және жұмыстар орындалған күннен бастап он екі ай ішінде бейрезидент қанағаттанбаған, тауарларды бергені, қызметтерді көрсеткені және жұмыстарды орындағаны үшін резидентке ақы төлеу жөніндегі міндеттемелер түріндегі кірістер;
7) мыналарды:
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтары немесе мәмілелері мемлекеттік тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті;
резидент шығарған бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан резидент-заңды тұлғаның, консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерін;
егер бейрезидент-заңды тұлғаның осындай акциялары, қатысу үлестері немесе активтері құнының 50 және одан көп пайызын Қазақстан Республикасындағы мүлік құрайтын болса, бейрезидент шығарған акцияларды, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлғаның, консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс;
8) талап ету құқығын басқаға берген бейрезидент үшін – борышты талап ету құқығын Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидентке немесе бейрезидент-заңды тұлғаға беруден түсетін кіріс.
Бұл ретте осындай кірістің мөлшері бейрезиденттің бастапқы құжаттарына сәйкес басқаға берілген талап ету құқығының құны мен талап ету құқығын басқаға беру күніне борышкерден алуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады;
9) талап ету құқығын сатып алатын бейрезидент үшін – осы тармақтың 10) тармақшасында көзделген кірісті қоспағанда, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резиденттен немесе бейрезидент-заңды тұлғадан борышты талап ету құқығын сатып алу кезінде талап ету құқықтарын басқаға беруден түсетін кіріс.
Бұл ретте осындай кірістің мөлшері талап ету құқығын басқаға беру күніне негізгі борышты, оның ішінде негізгі борыштан жоғары соманы борышкерден талап ету бойынша алуға жататын сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады;
10) талап ету құқығын сатып алатын бейрезидент үшін – Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резиденттен немесе бейрезидент-заңды тұлғадан «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген (қайта берілген) борышты талап ету құқығын сатып алу кезінде талап ету құқықтарын басқаға беруден түсетін кіріс.
Бұл ретте осындай кірістің мөлшері борышкер нақты төлеген сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.
Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс оң айырма туындайтын (ұлғайтылатын) салықтық кезеңде танылады. Бұл ретте бұрын алдыңғы салықтық кезеңдерде танылған оң айырма ескерілмейді;
11) бюджеттен қайтарылған, бұрын негізсіз ұсталған айыппұлдардан басқа, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) және санкциялардың басқа да түрлері түріндегі кіріс;
12) резидент-заңды тұлғадан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған инвестициялық пай қорларынан алынатын дивидендтер түріндегі кіріс;
13) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларды қоспағанда, сыйақылар түріндегі кіріс;
14) эмитенттен алынатын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар түріндегі кіріс;
15) роялти түріндегі кіріс;
16) қаржы лизингінен басқа, Қазақстан Республикасында орналасқан немесе орналасатын мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беруден түсетін кіріс;
17) Қазақстан Республикасындағы жылжымайтын мүліктен алынатын кіріс;
18) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша төленетін сақтандыру сыйлықақылары түріндегі кіріс;
19) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдерді қайта сақтандыру шарттары бойынша төленетін сақтандыру сыйлықақылары түріндегі кіріс;
20) халықаралық тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуден түсетін кіріс.
Осы бөлімнің мақсаттарында халықаралық тасымалдар деп әртүрлі мемлекеттердегі, олардың біреуі Қазақстан Республикасы болып табылатын пункттер арасында жүзеге асырылатын теңіз, өзен немесе әуе кемесімен, автокөлік құралымен немесе теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, тауарларды, оның ішінде поштаны кез келген тасымалдау танылады.
Осы бөлімнің мақсатында мыналар халықаралық тасымалдар деп танылмайды:
тек қана Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі пункттер арасында, сондай-ақ тек қана Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттер арасында жүзеге асырылатын тасымалдау;
тауарларды магистральдық құбыржолдармен тасу;
21) теңіз тасымалы шартында (келісімшартында) көзделген сталиялық уақыттан асатын уақытта тиеу-түсіру операциялары кезінде кеменің бос тұрып қалғаны үшін төлем түріндегі кіріс;
22) Қазақстан Республикасының аумағындағы құбыржолдарды, электр беру желілерін, талшықты-оптикалық байланыс желілерін пайдаланудан алынатын кіріс;
23) жұмыс берушілер болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасалған еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін кірістері;
24) еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарты бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің кірісі;
25) басшының гонорары және (немесе) басқару органының (директорлар кеңесінің немесе өзге де органның) мүшелері резидентке қатысты өздеріне жүктелген басқарушылық міндеттерді орындауына байланысты, мұндай міндеттерді нақты орындайтын жеріне қарамастан, аталған адамдар алатын өзге де төлемдер;
26) жұмыс берушілер болып табылатын резидент немесе бейрезидент Қазақстан Республикасында тұруына байланысты бейрезидент-жеке тұлғаға төлейтін үстемеақылар;
27) бейрезидент-жеке тұлғаның жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін кірісі.
Осы бөлімнің мақсаттарында мыналар материалдық пайда деп танылады, оның ішінде:
бейрезидент-жеке тұлға үшінші тұлғалардан алған тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге ақы төлеуі және (немесе) олардың құнының өтемі;
бейрезидент-жеке тұлғаға өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;
бейрезидент-жеке тұлғаның борыш немесе міндеттеме сомасын есептен шығару;
28) бейрезидент-жеке тұлғаның жұмыс беруші болып табылмайтын тұлғадан алған материалдық пайда түріндегі кірісі.
Осы бөлімнің мақсаттарында мыналар материалдық пайда деп танылады, оның ішінде:
бейрезидент-жеке тұлға үшінші тұлғалардан алған тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу және (немесе) олардың құнының өтемі;
бейрезидент-жеке тұлғаға өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;
бейрезидент-жеке тұлғаның борыш немесе міндеттеме сомасын есептен шығару;
29) резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері;
30) бейрезидент-жеке тұлғаларға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;
31) төлем қалай және кімге жүргізілетініне қарамастан, театр, кино, радио, телевизия әртісінің, музыканттың, суретшінің, спортшының және өзге де бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы мәдениет, өнер және спорт саласындағы қызметтен түсетін кірісі;
32) ұтыс түріндегі кіріс;
33) Қазақстан Республикасында тәуелсіз жеке (кәсіби) қызметтер көрсетуден түсетін кіріс;
34) бейрезидент-жеке тұлғаның резидент-жеке тұлғадан өтеусіз алған мүлкін қоспағанда, өтеусіз алынған немесе мұраға қалған мүлік, оның ішінде жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс.
Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты жұмсалған шығыстар мөлшерінде айқындалады.
Өтеусіз орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді қоспағанда, өтеусіз алынған мүліктің құны мүлікті беру күніне мұндай мүлікті берген тұлғаның бухгалтерлік есебінің деректері бойынша оның баланстық құнының мөлшерінде айқындалады.
Бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша өтеусіз алынған мүліктің, сондай-ақ мұраға қалған мүліктің құнын айқындау мүмкін болмаған жағдайда, мұндай мүліктің мұраға беру немесе енгізу күнгі құны мынадай тәсілдердің бірімен белгіленеді:
Мемлекеттік корпорация мұндай мүлік алынған күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша белгілеген құн негізінде;
қазақстандық немесе шетелдік қор биржасында саудаланатын бағалы қағаздың көрсетілген бағалы қағазды мұраға алу (енгізу) күніне белгіленімінің құны негізінде.
Өтеусіз алынған немесе мұраға қалған мүліктің құнын осы тармақшада айқындалған тәртіппен айқындау мүмкін болмаған жағдайда құн мүлікті бағалау туралы есептің негізінде айқындалады;
35) туынды қаржы құралдары бойынша кіріс;
36) сенімгерлік басқару құрылтайшысы болып табылатын бейрезидент үшін Қазақстан Республикасында салықтық міндеттемені орындау жүктелмеген резидентке мүлікті сенімгерлік басқаруға беруден алынған кіріс;
37) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша кіріс;
38) Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметтен пайда болатын басқа да кірістер;
39) мынадай түрдегі:
өтеу мерзімі жиырма төрт айдан аспайтын қаржылай қарыз талаптарында белгіленген мерзімдерде өтелмеген немесе ішінара өтелмеген негізгі борыш мөлшерінде алынған қаржылай қарыз түріндегі (банктік қарызды қоспағанда) кірістер.
Егер қаржылай қарыздың талаптарында қаржылай қарыздың негізгі борышын өтеу графигі көзделсе, қаржылай қарыздың негізгі борышын өтеу графигіне сәйкес бейрезиденттің резидент алдында орындамаған әрбір міндеттеме кіріс деп танылады;
өтеу мерзімі жиырма төрт айдан асатын, бірақ алпыс айдан аспайтын қаржылай қарыз талаптарында белгіленген мерзімдерде өтелмеген немесе ішінара өтелмеген негізгі борыш мөлшерінде алынған қаржылай қарыз (банктік қарызды қоспағанда) түріндегі;
өтеу мерзімі алпыс айдан асатын, негізгі борыш мөлшерінде алынған қаржылай қарыз (банктік қарызды қоспағанда) түріндегі;
резидент алған және Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі шетел банкіндегі шотқа есепке жатқызылған қаржылай қарызды (банктік қарызды қоспағанда) өтеу мақсатында резидент жүзеге асыратын төлемдер түріндегі;
қаржылай қарыздың талаптары бойынша мұндай қарызды өтеу Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі шетел банкіндегі шотқа жүзеге асырылатын, бейрезидентке қаржылай қарыз (банктік қарызды қоспағанда) беру мақсатында жүзеге асырылатын төлемдер түріндегі;
резидент үлестес емес бейрезидентке беретін, талаптары бойынша қарызды пайдаланғаны үшін сыйақы төлеу көзделмеген қаржылай қарызды (банктік қарызды қоспағанда) беру жөніндегі төлем сомасына орташа нарықтық мөлшерлемені көбейту жолымен есептелетін сома түріндегі кірістер.
Қаржылай қарыз ұғымы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағынада қолданылады.
2. Осы бөлімнің мақсаттарында ақшаны қолма-қол ақшалай және (немесе) қолма-қол ақшасыз нысандарда, бағалы қағаздарды, қатысу үлесін, тауарларды, мүлікті беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, борыш талабын есептеп шығару және (немесе) есепке жатқызу, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістерді төлеу бойынша бейрезидент алдындағы берешекті өтеу есебіне жүргізілетін кірісті төлеу деп түсініледі.
Нақты кіріс төлемі болмаған кезде сатып алынатын мүлікті мемлекеттік тіркеу кіріс төлемі деп танылады.
Осы Кодекске және Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес салық салу объектілерін түзету кезінде туындайтын дивидендтерге салық салынған кезде осы Кодекстің 13-бабына сәйкес кірісті айқындау кірісті төлеу деп түсініледі. Бұл ретте есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызы кірісті төлеу күні болып табылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-679/