Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
701-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау нәтижелері бойынша
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
шешімге шағым жасау және шағымды қарау
нәтижелері бойынша шешім шығару тәртібі
1. Бейрезидент салық органының осы Кодекстің 700-бабының 7-тармағында көрсетілген шешімімен келіспеген жағдайда оған уәкілетті органға шағым жасауға құқылы.
Шағым салық органының шешімін алған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде жазбаша нысанда беріледі.
Бұл ретте бейрезидент шешіміне шағым жасалған салық органына шағымның көшірмесін жіберуге тиіс.
Шағымды уәкілетті органға берген күн шағымды уәкілетті орган алған күн болып табылады.
2. Шағымда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) бейрезиденттің шағымға қол қойған күні;
2) шағым беруші тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты не толық атауы, оның тұрғылықты жері (тұрған жері);
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (ол болған кезде);
4) шешіміне бейрезидент шағымданған салық органының атауы;
5) шағым беруші бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) қоса берілетін құжаттардың тізбесі.
Шағымға бейрезидент не оның өкілі болып табылатын тұлға қол қояды.
3. Шағымға мыналар қоса беріледі:
1) өтініш пен салық органы шешімінің көшірмелері;
2) өтінішті қоспағанда, осы Кодекстің 699-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттар;
3) бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
4) іске қатысы бар өзге де құжаттар.
4. Уәкілетті орган мынадай:
1) бейрезидент шағымды осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң берген;
2) шағымның мазмұны осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 702-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
4) бейрезидент осы Кодекстің 699-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттарды ұсынбаған;
5) бейрезидент салық органының осы Кодекстің 700-бабының 7-тармағында көрсетілген шешіміне сотқа шағым (арыз) берген жағдайларда, бейрезиденттің шағымын қараудан бас тартады.
Шағымды қараудан бас тарту туралы шешім бейрезидентке шағымды уәкілетті органға берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда жіберіледі.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шағымды қараудан бас тартқан жағдайда бейрезидент, егер өзі жол берген бұзушылықтарды жоятын болса, шағымды қараудан бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде оны қайта беруге құқылы.
5. Уәкілетті орган бейрезиденттің шағымын уәкілетті органға шағым берілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Бұл ретте шағымды қарау мерзімі уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға қажетті ақпаратты ұсыну туралы, сондай-ақ бейрезидентке оның өтінішін қарауға байланысты мәселелер бойынша сұрау салулар жіберген жағдайда осындай ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Бейрезиденттің шағымын қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган:
1) табыс салығын толық немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Уәкілетті органның шешімі бейрезидентке қолын қойғызып табыс етіледі немесе оған алуы туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету күні немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына бейрезиденттің белгі қойған күні уәкілетті органның шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) шешім қабылданған күн;
2) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (ол болған кезде);
4) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда – мемлекеттік бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
5) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда – осындай шешім шығарылған кезде салық органы басшылыққа алған, Қазақстан Республикасы заңнамасының және (немесе) халықаралық шарттың нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның сұрау салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме.
7. Уәкілетті орган шешімінің көшірмесі шешіміне бейрезидент шағымданған салық органына жіберіледі.
Уәкілетті орган табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы бейрезиденттің осындай салық органына бұрын ұсынған өтінішінде халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасын көрсетеді. Осындай салық органының уәкілетті орган шешімінің көшірмелерін алған күні өтінішті куәландыру күні болып табылады. Бұл ретте өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және осындай салық органының мөрімен куәландырылады және бейрезидентке қолын қойғызып табыс етіледі немесе алу туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы көрсетілген шешімнің көшірмелерін және осындай бейрезиденттің куәландырылған өтінішін табыс салығын төлеуді жүргізген салық агентінің (салық төлеушінің) тұрған (тұрғылықты, болатын) жерінде тіркелген салық органына жібереді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-701/