НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

757-бап. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды бөлек салықтық есепке алу ерекшеліктері

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған әрбір келісімшарттың шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемені есептеу үшін, сондай-ақ рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз немесе игерілген кен орнын (бір келісімшарт шеңберіндегі кен орындарының осындай тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша қызметті жүзеге асырған жағдайда кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) игерген кезде осындай кен орны (бір келісімшарт шеңберіндегі кен орындарының осындай тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша қызметті жүзеге асырған жағдайда кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша осы Кодексте белгіленгендерден ерекшеленетін тәртіппен және мөлшерлемелер бойынша салықты және бюджетке төленетін төлемдерді есептеген жағдайда бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
2. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы осы баптың ережелері кең таралған пайдалы қазбаларды, осы Кодекстің 781-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген кестенің 13-жолында көрсетілген кендік емес пайдалы қатты қазбаларды, жерасты суларын, емдік балшықты барлау және (немесе) өндіру жөніндегі келісімшарттарға, сондай-ақ осы келісімшарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемені есептеу және орындау бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізу жөніндегі талаптарды қоспағанда, барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға қолданылмайды. Көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар бойынша қызметтің бір бөлігі болып табылатын осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша операциялар жер қойнауын пайдаланушыны бөлек салықтық есепке алу ескеріле отырып, көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған тиісті келісімшарт жөніндегі салықтық есепке алуда көрсетілуге тиіс. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы салықтық есепке алу саясатында осындай операциялар бойынша тиісті келісімшарттарға және (немесе) келісімшарттан тыс қызметке шығыстарды бөлу тәртібін көрсетуге міндетті.
3. Жер қойнауын пайдаланушы салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды бекітілген салықтық есепке алу саясатына сәйкес есепке алу құжаттамасы деректерінің негізінде және осы бапта белгіленген ережелерді ескере отырып жүргізеді. Жер қойнауын пайдаланушы бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін дербес әзірлейді және ол салықтық есепке алу саясатында (есепке алу саясаты бөлімінде) бекітіледі. Салықтық есепке алу саясатында бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі болмаған және (немесе) осындай тәртіп салық салу қағидаттарына сәйкес келмеген жағдайда салық органдары салықтық бақылауды жүзеге асыру барысында салық төлеушінің салықтық міндеттемелерін осы баптың 12-тармағының 1) тармақшасына сәйкес айқындайды. Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 216-бабының 2-тармағына сәйкес жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкіліне қатысты да қолданылады.
4. Келісімшарттық қызмет бойынша бөлек салықтық есепке алу мынадай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер:
1) корпоративтік табыс салығы;
2) қол қою бонусы;
3) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем;
4) пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
5) үстеме пайда салығы;
6) жер қойнауын пайдалануға баламалы салық;
7) осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында және 756-бабында айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың салық режимі негізінде осы Кодексте белгіленгеннен өзгеше тәртіппен есептелетін өзге де салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша жүргізіледі.
5. Салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) осы баптың 4-тармағында көрсетілген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу үшін келісімшарттан тыс қызметтен бөлек жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша – салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетуді;
2) осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген салықты және бюджетке төленетін төлемдерді, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкіл қызметі бойынша – корпоративтік табыс салығын есептеуді;
3) корпоративтік табыс салығы бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша – осы баптың 4-тармағында көрсетілген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды;
4) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметі бойынша – корпоративтік табыс салығы жөніндегі бірыңғай декларацияны және жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша оған тиісті қосымшаларды ұсынуды;
5) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкіл қызметі бойынша осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметі бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшарт бойынша шеккен залалдар ескерілмейді, жер қойнауын пайдаланушының оларды осы Кодекстің 339-бабының ережелерін ескере отырып, келесі салықтық кезеңдерде жер қойнауын пайдалануға арналған осындай нақты келісімшарт бойынша қызметтен алған кірістері есебінен ғана өтеуге құқығы бар. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиясы бойынша шеккен залалдары Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес геологиялық ақпарат жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға берілген күннен бастап қатарынан бес жыл ішінде (құпиялылық мерзімі) оны өткізуден алынған кірістер есебінен өтелуі мүмкін.
7. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияның немесе акциялары (қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде осындай жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық қаржыландыру (оның ішінде сыйақы жөніндегі) бойынша мiндеттемесiн стратегиялық әріптестің есептен шығаруынан түсетін кіріс те келісімшарттық қызмет бойынша кіріс болып табылады.
8. Салық төлеушінің техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу бойынша кірістері мен шығыстары келісімшарттан тыс қызмет бойынша салықтық есепке алуда ескеріледі.
9. Осы бөлімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар:
1) жалпы кірістер мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметті жүзеге асырумен байланысты және жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен және (немесе) келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты емес және олардың арасында тиісті үлес бойынша бөлуді талап ететін жалпы тіркеп-белгіленген активтер бойынша кірістері мен шығыстарын қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістері мен шығыстарын;
2) жалпы тіркеп-белгіленген активтер – келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметті жүзеге асырумен байланысты және пайдалану ерекшелігіне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен және (немесе) келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты емес тіркеп-белгіленген активтерді;
3) жанама кірістер мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының есепті салықтық кезеңдегі кірістері мен шығыстарын, оның ішінде жер қойнауын пайдалануға арналған бірнеше келісімшартпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар және жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарттар арасында ғана тиісті үлес бойынша бөлінуге жататын тіркеп-белгіленген активтер бойынша кірістері мен шығыстарын;
4) жанама тіркеп-белгіленген активтер – пайдаланылу ерекшелігіне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттармен ғана тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркеп-белгіленген активтерді;
5) минералды шикізатты өндірудің (байытудың), бастапқы қайта өңдеудің (байытудың), көмірсутекті дайындаудың өндірістік өзіндік құны – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, мыналарды: пайдалы қазбаларды сақтау, тасымалдау, өткізу бойынша шығындарды; минералды шикізатты өндірумен, бастапқы қайта өңдеумен (байытумен), көмірсутекті дайындаумен тікелей байланысты емес өзге де шығындарды; халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қорлардың өзіндік құнына қосуға жатпайтын жалпы әкімшілік шығыстарды; қарыздар бойынша шығындарды қоспағанда, минералды шикізатты өндірумен, бастапқы қайта өңдеумен (байытумен), көмірсутектерді дайындаумен тікелей байланысты өндіріске жұмсалатын шығындарды;
6) тікелей кірістер мен шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен немесе келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркеп-белгіленген активтер бойынша кірістері мен шығыстарын қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістері мен шығыстарын білдіреді.
10. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушының барлық кірістері мен шығыстары тікелей, жанама және жалпы болып бөлінеді. Жер қойнауын пайдаланушы кірістер мен шығыстарды тікелей, жанама және жалпы деп сыныптауды қызмет ерекшелігінің негізінде дербес жүзеге асырады. Тікелей кірістер мен шығыстар тікелей себеп-салдарлық байланысы бар келісімшарттық немесе келісімшарттан тыс қызметке ғана толық көлемде жатқызылуға тиіс. Жалпы кірістер мен шығыстар келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызмет арасында бөлінуге жатады және тиісті үлесімен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар сол келісімшарттың және келісімшарттан тыс қызметтің кірістері мен шығыстарына жатады. Жанама кірістер мен шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар арасында ғана бөлінуге жатады және тиісті үлесімен себеп-салдарлық байланысы бар сол келісімшарттың кірістері мен шығыстарына жатады. Жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлу осы баптың 12-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес және осы баптың 11-тармағының ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
11. Жалпы және жанама тіркеп-белгіленген активтер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (келісімшарттар) пен келісімшарттан тыс қызмет арасында жер қойнауын пайдаланушының осы тіркеп-белгіленген активтер бойынша шеккен шығыстары, оның ішінде амортизация бойынша шығыстары және бұдан кейінгі шығыстары бөлінуге жатады. Сыйақылар жөніндегі жалпы және жанама шығыстар бойынша осы Кодекстің 263-бабына сәйкес айқындалған осындай сыйақылар жөніндегі шегерімнің жалпы сомасы бөлінуге жатады. Егер бағамдық айырма тікелей себеп-салдарлық байланыс бойынша жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық және (немесе) келісімшарттан тыс қызметіне жатқызылмайтын болса, бағамдық айырма бойынша салықтық кезең үшін алынған жиынтық (сальдоланған) нәтиже оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі немесе теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуі түрінде бөлінуге жатады. Жалпы және жанама салық салу объектілері және (немесе) салық салумен байланысты объектілер бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс салықтар сол салық салу объектілері және (немесе) салық салумен байланысты объектілердің өздері тиісінше бөлінбей, осы баптың 12-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес бөлінуге жатады.
12. Жер қойнауын пайдаланушы әрбір келісімшарттық қызмет үшін жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлуді қызметтің ерекшелігін немесе жер қойнауын пайдаланушының салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің бір немесе бірнеше әдістері, оның ішінде:
1) жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін алған тікелей кірістердің жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей кірістердің үлес салмағы бойынша;
2) салық төлеушінің жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келісімшарттары бойынша пайдалы қазбаларды өндірудің жалпы көлеміндегі жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің үлес салмағы бойынша;
3) жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жүргізген тікелей шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша;
4) мына баптардың бірі бойынша: жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін осы бап бойынша жүргізген шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей өндірістік шығыстар, еңбекақы төлеу қоры немесе тіркеп-белгіленген активтердің құны бойынша шеккен шығыстардың үлес салмағы бойынша;
5) жер қойнауын пайдаланушы жұмыскерлерінің жалпы орташа тізімдік санындағы келісімшарттық қызметке қатысатын жұмыскерлердің орташа тізімдік санының үлес салмағы бойынша;
6) жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша бекітілген қорлар көлемдерінің жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келісімшарттар бойынша бекітілген қорлардың жалпы көлеміндегі үлес салмағы бойынша;
7) өзге де әдістер негізінде жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізуді есепке ала отырып, дербес жүргізеді. Жалпы және жанама кірістер мен шығыстардың әр түріне қатысты оларды бөлудің осы тармақта белгіленген әртүрлі әдістері қолданылуы мүмкін. Тиісті салықтық кезеңнің соңында жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлудің қолданылған әдістері көрсетілген салықтық кезең үшін өзгертуге жатпайды. Жалпы және (немесе) жанама кірістер мен шығыстарды неғұрлым дәл бөлу үшін жер қойнауын пайдаланушы жоғарыда көрсетілген әдістердің бірін қолдану нәтижесінде алынған үлес салмағының мәнін үлестің жүзден бірге дейінгі пайызымен (0,01%) айқындайды.
13. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жекелеген келісімшарт бойынша келісімшарттық қызметтің корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында, өндірілген көмірсутектерді (көмірсутектерді дайындауды қоса алғанда) және (немесе) көмірсутектерді дайындау немесе минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) ғана өткен минералды шикізатты өткізуден түскен кіріс Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуы ескеріле отырып, оларды өткізу бағасының негізінде, бірақ өндірілген көмірсутектердің, минералды шикізаттың және (немесе) бастапқы қайта өңдеу (байыту) нәтижесінде алынған, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын тауар өнімінің өндірістік өзіндік құнынан төмендетілмей айқындалады. Егер Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес шикі газды, оның ішінде қайта өңдеуден өткен газды ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде сатып алса, онда жер қойнауын пайдаланушы мұндай шикі газды, оның ішінде қайта өңдеуден өткен газды өткізуден түсетін кірісті осы Кодекстің  239-бабына сәйкес айқындайды. Жер қойнауын пайдаланушы экспортқа өндірілген мұнайды өткізген кезде, егер мұнайдың әлемдік бағасы осындай мұнайды өткізетін күнге осы мұнайды өндірудің өндірістік өзіндік құнынан төмен болса, осындай мұнайды өткізуден түскен кіріс осы Кодекстің 239-бабына сәйкес айқындалады. Өндірілген көмірсутектерді және (немесе) бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) өткен минералды шикізатты кейіннен қайта өңдеу үшін басқа заңды тұлғаға (меншік құқығын ауыстырмай) және (немесе) бір заңды тұлға шеңберінде құрылымдық немесе өзге де технологиялық бөлімшеге берген немесе өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы, көмірсутектерді дайындауды немесе минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеуді (байытуды) қоса алғанда, осындай операция бойынша кірісті өндірудің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, 20 пайызға ұлғайтылған нақты өндірістік өзіндік құны бойынша айқындайды. Егер шикі газ мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін болса, мұндай шикі газды өндірудің өндірістік өзіндік құны мына формула бойынша айқындалады: (GP1 х 0,857) GF х ------------------------- х r OP + (GP1 х 0,857) CP = ---------------------------------------- , мұнда: GP1 СР – бір мың текше метр үшін теңгемен ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде шикі мұнаймен ілеспе өндірілетін шикі газды өндірудің өндірістік өзіндік құны; СF – теңгемен ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын көмірсутектер өндірудің өндірістік өзіндік құны; GР1 – ол бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттарында және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарында өзіндік құнды айқындау бір мың текше метрмен көзделетін, ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін шикі газдың өндірілу көлемі; OР – ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт шеңберінде мұнайдың тоннамен өндірілу көлемі; 0,857 – мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін шикі газдың бір мың текше метрін ауыстыру коэффициенті, тоннамен; r – мына формула бойынша айқындалатын құндық коэффициент: GР2 – ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін шикі газдың бір мың текше метрмен өндірілу көлемі; OР – ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде шикі мұнайдың тоннамен өндірілу көлемі; AEPG – бір мың текше метр үшін теңгемен сыртқы сауда кедендік статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу жөніндегі уәкілетті органдардың деректері бойынша есептелетін, тауарлық газды жер қойнауын пайдаланушыдан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдау бойынша тарифтер негізінде айқындалатын шығыстар шегеріле отырып, тиісті салықтық кезең үшін Қазақстан Республикасының шекарасындағы тауарлық газдың орташа өлшемді экспорттық бағасы; AEPО – тоннасына теңгемен сыртқы сауда кедендік статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу жөніндегі уәкілетті органдардың деректері бойынша есептелетін, мұнайды жер қойнауын пайдаланушыдан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдау бойынша тарифтер негізінде айқындалатын шығыстар шегеріле отырып, тиісті салықтық кезең үшін Қазақстан Республикасының шекарасындағы мұнайдың орташа өлшемді экспорттық бағасы. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттан тыс қызметі бойынша жиынтық жылдық кірісіне осындай кейіннен қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізуден нақты алынған кіріс пен жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық қызметі бойынша жылдық жиынтық кірісіне қосылатын, осы тармаққа сәйкес есептелген кіріс сомасы арасындағы айырмаға тең сома қосуға жатады. Осы бөлімнің мақсаттары үшін байыту фабрикасы, қайта өңдеу, өндiріс немесе металлургия цехы (зауыты) заңды тұлғаның өзге де технологиялық бөлімшесі деп танылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-757/