НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

776-бап. Көмірсутектердің құнын айқындау тәртібі

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсаттарында салықтық кезеңде өндірілген мұнайдың құны мынадай тәртіппен:
1) жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына өткізген не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына кейіннен өткізу үшін үшінші тұлғаға өткізген кезде – жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына өткізген не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына кейіннен өткізу үшін үшінші тұлғаға өткізген мұнайдың нақты көлемі мен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытының өнімнің бір бірлігі үшін нақты сатып алу бағасының көбейтіндісі ретінде;
2) жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшін алыс-беріс шикізаты ретінде берген не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшін алыс-беріс шикізаты ретінде кейіннен беру үшін үшінші тұлғаға өткізген және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған кезде – жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына алыс-беріс шикізаты ретінде қайта өңдеу үшін берген не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына алыс-беріс шикізаты ретінде кейіннен беру үшін үшінші тұлғаға өткізілген және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған мұнайдың нақты көлемі мен халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, дайындауды қоса алғанда, өнім бірлігін өндірудің 20 пайызға ұлғайтылған өзіндік құнының көбейтіндісі ретінде;
3) жер қойнауын пайдаланушы мемлекет атынан алушыға пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын, роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін төлеу есебіне мұнайды заттай нысанда берген кезде – осы Кодекстің 93-тарауына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы мемлекет атынан алушыға пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын, роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін төлеу есебіне заттай нысанда берілген мұнайдың нақты көлемі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленген беру бағасының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт шеңберінде өндірген тауарлы көмірсутектердің құны өндірілген тауарлы көмірсутектердің көлемі мен осы баптың 3 және 4-тармақтарында айқындалған тәртіппен салықтық кезең үшін есептелген өнімнің бірлігі үшін әлемдік бағаның көбейтіндісі ретінде айқындалады.
3. Мұнайдың әлемдiк бағасы салықтық кезеңдегі бағалардың күн сайынғы белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнi мен тиiстi салықтық кезеңдегі валютаның орташа арифметикалық ресми бағамының көбейтiндiсi ретiнде төменде келтiрiлген формула бойынша айқындалады. Осы тармақтың мақсаттары үшін баға белгіленімі «Argus Media Ltd» компаниясының «Argus Crude» дереккөзінде жарияланатын ақпарат негізінде салықтық кезеңде «Юралс Средиземноморье» (Urals Med - CIF Augusta), «Kazakh Export Blend Crude Oil (Kebco - CIF Augusta)» немесе «North Sea Dated/Датированный Брент (Brent Dtd)» мұнайының стандартты сұрыпының әрбірін жеке алғанда шетел валютасындағы мұнай бағасының белгіленімін білдіреді. Осы дереккөзде шикі мұнайдың көрсетілген стандартты сұрыптарына бағалар туралы ақпарат болмаған кезде шикі мұнайдың көрсетілген стандартты сұрыптарына бағалар: «S&P Global Inc. (S&P Global CommodityInsights)» компаниясының «Crude Oil Market Wire Basic Service» дереккөзінің деректері бойынша; жоғарыда көрсетілген дереккөздерде шикі мұнайдың көрсетілген стандартты сұрыптарына бағалар туралы ақпарат болмаған кезде – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында айқындалатын басқа да дереккөздердің деректері бойынша пайдаланылады. Мұнайдың әлемдік бағасын айқындау үшін өлшем бірліктерін өндірілген мұнайдың өлшемнің стандартты жағдайларына келтірілген және мұнай паспортында көрсетілген сапасына нақты тығыздығы мен температурасын есепке ала отырып, баррельден метрикалық тоннаға ауыстыру стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұлттық стандартқа сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсатында өлшем бірліктерін метрикалық тоннадан баррельге ауыстыру баррельдеудің орташа өлшемді коэффициенті негізінде мына формула бойынша жүзеге асырылады: К барр. орт.өлш. = (V тонна 1 х К барр.1 + V тонна 2… х К барр.2... + V тонна n х К барр.n) / V тонна Σ, мұнда: К барр. орт.өлш. – үтірден кейінгі төрт белгіге дейінгі дәлдікпен есептелетін орташа өлшемді баррельдеу коэффициенті; V тонна –мұнайдың өндірілген әрбір партиясының көлемі; К барр.1, К барр.2 ... + К барр.n – өндірілген мұнайдың әрбір тиісті партиясы бойынша сапа паспортында көрсетілген баррельдеу коэффициенттері; V тонна Σ –салықтық кезең үшін өндірілген мұнайдың метрикалық тоннаны білдіретін жалпы көлемі. Мұнайдың әлемдік бағасы мына формула бойынша айқындалады: мұнда: S – мұнайдың салықтық кезең үшін әлемдік бағасы; P1, P2 ..., Рn – салықтық кезең ішінде баға белгіленімдері жарияланған күндері бағалардың күн сайынғы орташа арифметикалық белгіленімі; Е – тиiстi салықтық кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық ресми бағамы; n – салықтық кезеңде баға белгіленімдері жарияланған күндердің саны. Бағалардың күн сайынғы орташа арифметикалық белгіленімі мына формула бойынша айқындалады: мұнда: Pn - бағалардың күн сайынғы орташа арифметикалық белгіленімі; Сn1 – «Юралс Средиземноморье» (Urals Med - CIF Augusta)», «Kazakh Export Blend Crude Oil (Kebco - CIF Augusta)» немесе «North Sea Dated/Датированный Брент» (Brent Dtd)» күн сайынғы мұнай белгіленімінің төмен мәні (min); Сn2 – «Юралс Средиземноморье» (Urals Med - CIF Augusta)», «Kazakh Export Blend Crude Oil (Kebco - CIF Augusta)» немесе «North Sea Dated/Датированный Брент» (Brent Dtd)» күн сайынғы мұнай белгіленімінің жоғары мәні (max). «Юралс Средиземноморье (Urals Med - CIF Augusta)», «Kazakh Export Blend Crude Oil (Kebco - CIF Augusta)» немесе «North Sea Dated/ Датированный Брент (Brent Dtd)» мұнай белгіленімдерін қолдануды жер қойнауын пайдаланушы мұнайды беруге арналған шарттар негізінде мынадай тәртіппен жүргізеді:
1) беруге арналған шартта Urals стандартты мұнай сұрыпы немесе «Kazakh Export Blend Crude Oil (Kebco)» белгіленімі көрсетілген жағдайда – әлемдік бағасы салықтық кезең үшін ең жоғары болып табылатын «Юралс Средиземноморье (Urals Med - CIF Augusta)», «Kazakh Export Blend Crude Oil (Kebco - CIF Augusta)» мұнай белгіленімі қолданылады.
2) беруге арналған шартта Brent стандартты мұнай сұрыпы көрсетілген жағдайда – «North Sea Dated/Датированный Брент (Brent Dtd)» белгіленімі қолданылады. Беруге арналған шартта жоғарыда көрсетілген стандартты сұрыптарға қатысы жоқ мұнай сұрыпы көрсетілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осындай шарт бойынша берілген мұнай көлемін әлемдік бағасы салықтық кезең үшін ең жоғары болып табылатын стандартты мұнай сұрыпына жатқызуға міндетті.
4. Шикі газға әлемдiк баға халықаралық өлшем бірлiктерiн бекітілген коэффициентке сәйкес текше метрге ауыстыру ескеріле отырып, салықтық кезең үшін бағалардың шетел валютасындағы күн сайынғы белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнi мен тиiстi салықтық кезең үшін валютаның орташа арифметикалық ресми бағамының көбейтiндiсi ретiнде төменде келтірілген формула бойынша айқындалады. Осы тармақтың мақсаттары үшін баға белгіленімі «The Mcgraw-Hill Companies Inc» компаниясының «Platts European Gas Daily» дереккөзінде жарияланатын ақпарат негізінде «Zeebrugge Day-Ahead» табиғи газы бағасының салықтық кезеңде шетел валютасындағы белгіленімін білдіреді. Осы дереккөзде «Zeebrugge Day-Ahead» табиғи газына баға туралы ақпарат болмаған кезде «Zeebrugge Day-Ahead» табиғи газына баға:
1) «Argus Media Ltd» компаниясының «Argus European Natural Gas» дереккөзінің деректері бойынша;
2) жоғарыда көрсетілген дереккөздерде «Zeebrugge Day-Ahead» табиғи газына баға туралы ақпарат болмаған кезде Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында айқындалған басқа да дереккөздердің деректері бойынша пайдаланылады. Шикі газдың әлемдік бағасы мына формула бойынша айқындалады: мұнда: S – шикі газдың салықтық кезең үшін әлемдік бағасы; P1, P2..., Pn – салықтық кезең ішінде бағалардың белгіленімі жарияланған күндері бағалардың күн сайынғы орташа арифметикалық белгіленімі; Е – тиiстi салықтық кезең үшін валютаның орташа арифметикалық ресми бағамы; n – салықтық кезеңде бағалардың белгіленімдері жарияланған күндердің саны. Бағалардың күн сайынғы орташа арифметикалық белгіленімі мына формула бойынша айқындалады: мұнда: Рn – бағалардың күн сайынғы орташа арифметикалық белгіленімі; Сn1 – «Zeebrugge Day-Ahead» табиғи газы бағасының күн сайынғы белгіленімінің төмен мәні (mіn); Сn2 – «Zeebrugge Day-Ahead» табиғи газы бағасының күн сайынғы белгіленімінің жоғары мәні (max).
5. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсаттарында жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізген және (немесе) өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланылған шикі газдың, шикі газды факельде жағу кезінде сұйытылған мұнай газын өндіру үшін пайдаланылған ілеспе газдың, сондай-ақ өндірістік-инновациялық қызмет субъектісі-жер қойнауын пайдаланушы пайдаланған шикі газдың құны мынадай тәртіппен:
1) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген шикі газды Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізген кезде – осы Кодекстің 780-бабының 7-тармағына сәйкес айқындалатын салықтық кезең үшін қалыптасқан өткізудің орташа өлшемді бағасының негізінде;
2) осы Кодекстің 774-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген шарттарға сәйкес сұйытылған мұнай газын өндіру үшін өндірілген ілеспе газды пайдаланған кезде және (немесе) өндірілген шикі газды өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған кезде, сондай-ақ шикі газ факельде жағылған кезде мыналардың: сұйытылған мұнай газын өндіру үшін пайдаланылған ілеспе газдың нақты көлемі мен халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, дайындауды қоса алғанда, өнім бірлігін өндірудің 20 пайызға ұлғайтылған өндірістік өзіндік құнының; жер қойнауын пайдаланушы өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған шикі газдың нақты көлемі мен халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, дайындауды қоса алғанда, өнім бірлігін өндірудің 20 пайызға ұлғайтылған өндірістік өзіндік құнының; факельде жағылатын шикі газдың нақты көлемі мен Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес белгіленген және тиісті салықтық кезеңде қолданылатын, тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасының ең жоғары мәнінің көбейтіндісі ретінде айқындалады. Бұл ретте тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің белгіленген шекті бағасы болмаған жағдайда, осындай шекті баға белгіленген соңғы салықтық кезеңнің шекті бағасы қолданылады. Егер шикі газ мұнаймен ілеспе өндірілсе, шикі газды өндірудің өндірістік өзіндік құны дайындауды қоса алғанда, мұнайды өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде: шикі газдың бір мың текше метрі 0,857 тонна мұнайға сәйкес келетін арақатынасында айқындалады;
3) осы Кодекстің  774-бабы  2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген шарттарға сәйкес өндірістік-инновациялық қызмет субъектісі-жер қойнауын пайдаланушы өндірілген шикі газды пайдаланған кезде – индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі-жер қойнауын пайдаланушы пайдаланған шикі газдың нақты көлемі мен халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, дайындауды қоса алғанда, өнім бірлігін өндірудің 20 пайызға ұлғайтылған өндірістік өзіндік құнының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
6. Уәкілетті орган көмірсутектердің стандартты сұрыптарының әлемдік бағасын осы Кодексте айқындалған тәртіппен әрбір салықтық кезең бойынша айқындайды және ол есепті салықтық кезеңнен кейінгі айдың 10-інен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-776/