Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
782-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемесін қолдануға арналған ерекше ережелер
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өнеркәсіптік өндіру басталған күннен бастап алпыс ай ішінде 0 пайыз мөлшерлеме бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде есептеледі:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша минералды шикізатты өнеркәсіптік өндіру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған талаптар сақталған кезде 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталды;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі 15 пайызды және одан азды құрайды.
Рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобын, кен орнының бір бөлігін игеруге байланысты шығындар (шығыстар), оның ішінде геологиялық зерттеуге, барлауға, оларды өндіруге дайындық жұмыстарына және өзге де күрделі шығындар бойынша оларды жүзеге асыру басталғаннан бастап өсу қорытындысымен есептеледі;
3) пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы тармақта көрсетілген мөлшерлемесі қолданылған жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы өзара байланысты тараптың пайдасына иеліктен шығаруды қоспағанда, осы тармақтың ережелерін қолдану кезеңі ішінде иеліктен шығарылуға жатпайды.
2. Рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейін айқындау тәртібін, жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы бойынша қорларды бірлесіп игеру не кен орнының бір бөлігі бойынша қорларды бөлек игеру үшін тізбеге енгізу тәртібін, сондай-ақ осындай тізбені Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемесін қолдану мақсаттарында жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемесін қолдануы кезеңінде жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы бойынша қорларды бірлесіп игеруді не кен орнының бір бөлігі бойынша қорларды бөлек игеруді жүзеге асырған жағдайда пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-782/