Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
102-бап. Платформалық жұмыспен қамту
СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII
1. Платформалық жұмыспен қамту интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрін білдіреді.
2. Платформалық жұмыспен қамтудың тараптары:
1) интернет-платформаның операторы (бұдан әрі – Оператор) –интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау бойынша байланыстар орнату және мәмілелер жасасу үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөніндегі қызметтерді интернет-платформаны пайдалана отырып көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
2) тапсырыс беруші – интернет-платформада тіркелген, онда қызметтер көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға тапсырыс орналастыратын жеке немесе заңды тұлға;
3) орындаушы – интернет-платформада тіркелген, жария шарт негізінде интернет-платформаларды пайдалана отырып, тапсырыс берушілерге қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын жеке тұлға, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға.
3. Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру үшін тапсырыс беруші мен орындаушы интернет-платформада және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасында тіркеледі.
Оператор мен тапсырыс беруші, сондай-ақ орындаушы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес реттеледі.
4. Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшаларын пайдалана отырып қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау үшін орындаушы-заңды тұлға жұмыскерлерді тартқан жағдайда, олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ресімделеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-102/