Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
111-бап. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру
СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII
1. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыссыздардың, денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға қатысатын студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының оқудан бос уақытта жұмысқа орналасуға құқығы бар.
2. Жұмыс беруші мансап орталығымен шарттық негізде субсидияланатын жұмыс орындарын құрады, оларды құру кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
Субсидияланатын жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда құрылмайды.
3. Жұмыс беруші мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы шарт Электрондық еңбек биржасы арқылы жасалады.
4. Субсидияланатын жұмыс орындары алған кәсібі (мамандығы) бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға жәрдемдесу немесе қолда бар еңбек дағдыларын сақтау үшін ұйымдастырылады.
5. Еңбек мобильділігі орталығы:
1) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты айқындайды;
2) субсидияланатын жұмыс орындарын құруға өтінім берген ұйымдардың тізбесін және ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын бекітеді.
6. Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберуге осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамның келісуімен ғана жол беріледі, бұл ретте олардың денсаулық жағдайы, жасы, кәсіби және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам он сегіз жасқа толмаған болса, оны субсидияланатын жұмыс орындарына жіберуге оның заңды өкілдерінің келісімімен жол беріледі.
7. Субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек қызметін дәлелді себептерсіз өз бетінше тоқтатқан адамдар жұмыссыз ретіндегі есептен шығарылады және жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткен соң ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайтадан қатыса алады.
8. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
9. Субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылатын адамдарға қойылатын талаптарды, олардың жалақысын субсидиялау мөлшері мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
10. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-111/