СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 224-VII ·20.04.2023
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

70-бап. Әлеуметтік жұмыскерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер

СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII

1. Әлеуметтік жұмыскерлерге:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне кепілдік беріледі. Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басым тәртіппен жүзеге асырылады;
3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;
4) кезекті еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге;
6) үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін әлеуметтік жұмыскерлер үшін жол жүруге байланысты көлік шығыстарын жұмыс берушінің өтеуіне кепілдік беріледі.
2. Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекенде жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерге:
1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қалалық жағдайларда кәсіптік қызметін жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерлердің мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді;
2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша бюджет қаражаты есебінен, жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
3. Ауылдық елді мекендерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұру үшін келген әлеуметтік жұмыскерге жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы беріледі және тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.
4. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жұмыскерге тұрғынжайды жалдау (жалға алу) және коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдамалар сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдерді, сондай-ақ әлеуметтік жұмыскерге әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған өзге де жеңілдіктерді белгілеуге құқылы.
5. Әлеуметтік жұмыскерге адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады.
6. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды және өзге де ынталандыру нысандарын тағайындау арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндеріне орай әлеуметтік жұмыскерлерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. Жергілікті ерекшелік белгілерінің және құрметті атақтардың сипаттамасын, оларды беру тәртібін, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-70/