Қолданыста
·
09.01.2026 редакциясы
21-бап. Цифрлық жазбалар
ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII
1. Жазбаның мазмұнын, дереккөзін, құрылымын немесе мақсатын анықтауға мүмкіндік беретін бірегей сәйкестендіру сипаттамалары бар цифрлық нысанда тіркеп-белгіленген ақпаратты немесе осындай ақпарат туралы мәліметтерді білдіретін ерекшеленген цифрлық объект цифрлық жазба деп танылады.
2. Цифрлық жазбалар мынадай болып бөлінеді:
1) сәйкестендіру цифрлық жазбалары – нақты, дербес немесе қызметтік сипаттағы және цифрлық деректерді дараландыруға арналған ақпаратты немесе мәліметтерді тіркеп-белгілеуші;
2) құқық куәландыратын цифрлық жазбалар – заттарды, тауарларды, шикізат ресурстарын және өзге де активтерді қоса алғанда, цифрлық және (немесе) материалдық объектілерге құқықтардың туындауын, тиесілігін, ауысуын, ауыртпалығын немесе тоқтатылуын, сондай-ақ осындай объектілерге байланысты талап ету құқықтарын куәландыратын жазбалар.
3. Сәйкестендіру цифрлық жазбалары, оның ішінде дербес деректері бар жазбалар азаматтық айналымға қатыспайды, ал олардың мазмұнына (ақпаратқа) құқықтар материалдық емес игіліктер (жеке мүліктік емес құқықтар) не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі ақпарат ретінде қорғалады.
4. Дербес деректерді қамтитын және мемлекеттік органдарға берілген цифрлық жазбаларды мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің осындай деректерге меншік құқығы туындамай, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негізде және шектерде ғана пайдаланады.
5. Құқық куәландыратын цифрлық жазбалар тиісті мүліктік құқықтарды беруге, иеліктен шығаруға, ауыртпалық салуға немесе өзге де иелік етуге жол береді. Құқық куәландыратын цифрлық жазбаларды жасау, пайдалану, есепке алу және олардың айналымының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасында белгіленеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-21/