Қолданыста
·
09.01.2026 редакциясы
31-бап. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформалары
ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII
1. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасы – осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес онда орналастырылған цифрлық деректер өнімдеріне олардың алмасуы мен айналымының белгіленген шарттарымен қол жеткізуді қамтамасыз ететін цифрлық платформа.
2. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және жеке кәсіпкерлік субъектілері цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды, сондай-ақ уәкілетті органмен келісу бойынша экономиканы дамыту жөніндегі уәкілетті орган бекіткен цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының жұмыс істеу қағидаларын сақтай отырып, цифрлық деректер өнімдерімен алмасуы және олардың айналымы платформаларын құруға құқылы.
3. Деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті орган – стратегиялық жоспарлау, реформалар жүргізу салаларында және мемлекеттік статистика саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
4. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформалары деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті орган айқындаған өлшемшарттарға сәйкес келген кезде және тәртіппен цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және оның айналымы платформаларының тізіліміне енгізілуге тиіс.
5. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының меншік иелері және (немесе) иегерлері:
1) цифрлық деректер өнімдерінің тізбесін құруды және жүргізуді қамтамасыз етуге;
2) цифрлық деректер өнімдеріне қол жеткізу, алмасу және пайдалану шарттарын қамтамасыз етуге;
3) цифрлық деректер өнімдеріне рұқсатсыз қол жеткізудің, олардың таралып кетуінің және трансшекаралық берудің, егер мұндай беру Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелген болса, алдын алуға міндетті.
6. Деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті орган цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының мониторингін жүзеге асырады.
7. Қызметі басталған сәттен бастап цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының меншік иесі және (немесе) иегері Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті органға қызметтің немесе іс-қимылдың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберуге міндетті.
8. Деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті орган уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін цифрлық деректер өнімдерінің құнын бағалаудың үлгілік әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
9. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының меншік иелеріне және (немесе) иегерлеріне:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, дербес деректерді қоса алғанда, бастапқы (өңделмеген) деректердің айналымын жүзеге асыруға;
2) егер мұндай орналастыру немесе сақтау шектелген болса, цифрлық деректер өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан тыс орналастыруды немесе сақтауды жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, цифрлық деректер өнімі меншік иесінің және (немесе) иегерінің келісімінсіз цифрлық деректер өнімдерін үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-31/