Қолданыста
·
09.01.2026 редакциясы
33-бап. Аса маңызды цифрлық объектілер
ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII
1. Аса маңызды цифрлық объектілер – бұзылуы немесе жұмыс істеуін тоқтатуы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді және заңмен қорғалатын құпияны қамтитын өзге де мәліметтерді заңсыз жинауға және өңдеуге, әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайға немесе қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық қатынастар, экономика, шаруашылықтың жекелеген салалары үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі үшін, оның ішінде жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау инфрақұрылымы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылыстар, құқық қорғау қызметі, «цифрлық үкімет» үшін елеулі теріс салдарларға алып келетін цифрлық объектілер.
2. Аса маңызды цифрлық объектілердің тізбесін, сондай-ақ цифрлық объектілерді аса маңызды объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Аса маңызды цифрлық объектілерге жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес цифрлық объектілер киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы талаптарды сақтауға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда аса маңызды цифрлық объектілердің иегері және (немесе) меншік иесі киберқауіпсіздік аудитін жүргізуге міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-33/