ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 255-VIII ·09.01.2026
09.01.2026 редакциясы
Қолданыста · 09.01.2026 редакциясы

41-бап. Дербес деректерді алып тастау, анонимдеу және өңдеуді шектеу құқығы

ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII

1. Дербес деректер субъектісі, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың алыну негізіне қарамастан, цифрлық ортада орналастырылған немесе өңделетін өзінің дербес деректерін алып тастауды, анонимдеуді немесе өңдеуді шектеуді талап етуге құқылы. Дербес деректерді анонимдеу деп оны жасаудың нәтижесінде дербес деректердің дербес деректер субъектісіне тиесілігін анықтау мүмкін болмайтын іс-қимыл түсініледі.
2. Цифрлық объектілердің иегері немесе дербес деректерді өңдеуді жүзеге асыратын өзге тұлға дербес деректер субъектісінің дербес деректерді алып тастау, анонимдеу немесе өңдеуді шектеу туралы талабын Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен орындауға міндетті.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында цифрлық деректерді сақтаудың міндетті мерзімдері белгіленген болса, тиісті цифрлық объектінің иегері немесе дербес деректерді өңдеуді жүзеге асыратын өзге тұлға:
1) заңды күшіне енген сот актісі негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартында көзделген міндеттемелерді орындау үшін;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес архивтік сақтауды қамтамасыз ету мақсатында өңдеуді қоспағанда, мұндай деректерге қол жеткізуді шектеуге және дербес деректер субъектісінің талабы бойынша оларды өңдеуді тоқтата тұруға міндетті.
4. Дербес деректерді алып тастау, анонимдеу немесе өңдеуді шектеу туралы талап, егер дербес деректерді сақтау:
1) үшінші тұлғалардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
2) құқық бұзушылық бойынша істерді қарау;
3) сот төрелігін жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот актілерін орындау;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген көпшілік мүддесін қамтамасыз ету;
5) дербес деректерді анонимдеу жағдайында мемлекеттік статистиканың немесе ғылыми-зерттеу қызметінің мақсаттары;
6) мемлекеттік функцияларды іске асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажет болса, орындалуға жатпайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-41/