Қолданыста
·
09.01.2026 редакциясы
48-бап. Биометриялық аутентификация
ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII
1. Цифрлық аутентификация үшін пайдаланылатын биометриялық деректер дербес деректер болып танылады және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қорғалуға жатады.
2. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының цифрлық аутентификация мақсатында биометриялық тіркелуге құқығы бар.
3. Биометриялық деректерді міндетті түрде өңдеуге және биометриялық аутентификацияны жүргізуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда ғана жол беріледі.
4. Биометриялық аутентификация – жеке тұлғаны анықтау мақсатында биометриялық деректердің сәйкестігін салыстыру және тексеру процесі.
5. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген биометриялық аутентификация мемлекеттік органның қызметін цифрландыру кезінде, оның ішінде мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және уәкілетті орган бекіткен ұлттық биометриялық аутентификация жүйесінің жұмыс істеуі және оған қосылу қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ұлттық биометриялық аутентификация жүйесі қолданыла отырып жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы алған ұлттық биометриялық аутентификация жүйесінің биометриялық деректерін міндетті пайдалану және (немесе) толықтыру жағдайларын қоса алғанда, қаржы және төлем ұйымдарының биометриялық аутентификация жүргізу тәртібін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
7. Ұлттық биометриялық аутентификация жүйесі адам бет-әлпетінің негізінде биометриялық аутентификациялауға арналған «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісі болып табылады, оны құруды, дамытуды, сүйемелдеуді және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді оператор жүзеге асырады.
8. Осы баптың қолданысы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі барысында биометриялық деректерді жинау, өңдеу және қорғау, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-48/