Қолданыста
·
09.01.2026 редакциясы
50-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары
ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII
1. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары – электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалығын тексеру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым мен цифрлық инфрақұрылым объектілерінің жиынтығы.
2. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен сәйкестігін растауға жатады.
3. Электрондық цифрлық қолтаңбаны қалыптастыру кезінде электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдаланатын бағдарламалық қамтылым мынадай талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге тиіс:
1) электрондық құжатқа қол қоятын адамға қол қойылғанға дейін оның мазмұнымен танысуға мүмкіндік беріледі;
2) электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау құжатқа қол қоятын адам оны жасау жөніндегі іс-қимылды анық растағаннан кейін ғана жүзеге асырылады;
3) электрондық құжатқа қол қойылғаннан кейін электрондық цифрлық қолтаңба жасау және оны қолдану туралы хабарлама қалыптастырылады;
4) белгілі бір уақытта электрондық цифрлық қолтаңбаның болуын растау үшін қажетті мәліметтердің болуы қамтамасыз етіледі;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық құжатқа қол қоятын адамға қол қойылған электрондық құжатты сақтау мүмкіндігі беріледі.
4. Электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру кезінде электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдаланатын бағдарламалық қамтылым:
1) электрондық құжаттың ішіндегісін шығарып алуды қамтамасыз етуге;
2) электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын тексеру нәтижелері туралы хабардар етуге;
3) электрондық құжатқа қол қою кезінде пайдаланылған жабық кілттің иегерін анықтауға мүмкіндік беретін электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының деректерін көрсетуге тиіс.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының талаптары цифрлық жүйелердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын жасау немесе тексеру үшін пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба құралдарына қолданылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-50/