316-бап. Жануарларға қатыгездiкпен қарау
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v
1. Жануарға оның мертігуіне алып келген қатыгездікпен қарау –
бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Жануарға оның өліміне алып келген қатыгездікпен қарау –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) екі және одан да көп жануарға қатысты жасалған;
2) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
3) бірнеше рет;
4) жас балалардың көзінше;
5) жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған іс-әрекеттер –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/uk/st-316/