404-бап. Заңсыз қоғамдық және басқа да бiрлестiктер құру, олардың қызметiне басшылық ету және қатысу
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v
1. Қызметi азаматтарға зорлық-зомбылық жасаумен немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтiрумен ұштасқан не азаматтардың азаматтық мiндеттерiн орындаудан бас тартуына немесе құқыққа қарсы өзге де іс-әрекеттер жасауына түрткi болған дiни немесе қоғамдық бiрлестік құру немесе оған басшылық ету, сол сияқты дiни негiздегi партия не Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған көздерден қаржыландырылатын саяси партия немесе кәсiптiк одақ құру немесе оған басшылық ету –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нәсiлдiк, ұлттық,
этностық, әлеуметтiк немесе дiни төзбеушiлiктi немесе артықшылықты уағыздайтын немесе оны iс жүзiнде іске асыратын, конституциялық
құрылыс негіздерін күштеп құлатуға, мемлекеттiң
ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтiруге немесе Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға шақыратын қоғамдық бiрлестiк құру, сол сияқты осындай бiрлестiкке басшылық ету –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көрсетілген бiрлестiктердiң қызметiне белсенді түрде қатысу –
алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/uk/st-404/