Мазмұнға өту
Уголовный кодекс Республики Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
Белгілі бір күнгі редакция

433-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v

1. Уәкілетті лауазымды адамның анық дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызбен немесе хабарламамен жүгінген адамға қатысты алдау, азғыру, қорқыту немесе өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттер арқылы не аталған адамның өтінішін кез келген өзге тәсілмен жою немесе жасыру арқылы қылмыстық теріс қылықты немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты тіркеуден қасақана жасыруы – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр қылмысты жасыруға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) аса ауыр қылмысты жасыруға не ауыр зардаптарға әкеп соққан;
2) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адам немесе уәкілетті мемлекеттік органның басшысы жасаған не сол адамдардың нұсқауымен жасалған іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.