Мазмұнға өту
Уголовный кодекс Республики Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v

1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкiмі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.
2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаған жағдайда, осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнің осы жаза түрi үшiн көзделген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды. Егер үкiмдердiң жиынтығына адам жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген ең болмағанда бір аса ауыр қылмыстың жасалуына кінәлі деп танылған үкiм кірсе, онда бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны отыз жылдан асыруға болмайды. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалады.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазадан да, соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуға тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жүргiзiледі.