Кіру
Уголовный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 226-v ·03.07.2014
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

99-бап. Адам өлтiру

Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v

1. Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату – сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өлтiру:
1) екi немесе одан көп адамды;
2) адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруына не кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын;
3) кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан;
4) кінәлі адамға жүктiлік жағдайда екенi көрінеу белгiлi әйелдi;
5) аса қатыгездiкпен жасалған;
6) басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған;
7) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
8) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан;
9) бұзақылық ниетпен;
10) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан;
11) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық не қанды кек уәжі бойынша;
12) жәбiрленушiнiң ағзаларын немесе тіндерiн пайдалану мақсатымен жасалған;
13) бірнеше рет жасалған;
14) көрінеу кәмелетке толмаған адамды;
15) қылмыстық топ жасаған, сол сияқты төтенше жағдай кезiнде немесе жаппай тәртiпсiздiк барысында жасалған адам өлтiру – мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жас баланы өлтіру – өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/uk/st-99/