О внесении изменений в приказ Министра обороны Республики Казахстан от 7 августа 2017 года № 419 «Об утверждении Правил отчисления из военных учебных заведений Министерства обороны Республики Казахстан»
Деректемелер және дереккөз
- Толық атауы
- О внесении изменений в приказ Министра обороны Республики Казахстан от 7 августа 2017 года № 419 «Об утверждении Правил отчисления из военных учебных заведений Министерства обороны Республики Казахстан»
- Атауы (қаз.)
- «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарынан шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 419 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
- Акт түрі
- Бұйрық
- Заңдық күші
- Қолданыста
- Тізілімдегі мәртебе коды
- new
- Нөмірі
- 170
- Қабылданған күні
- 21.02.2024
- Көрсетілген редакция
- 21.02.2024 193548_685173.kaz
- Соңғы өзгеріс
- 21.02.2024
- Мәтін тілі
- қазақша
- НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
- V2400034029
- ЭКБ идентификаторы
- 193548
- Редакция идентификаторы
- 193548_685173
- Бастапқы дереккөз
- ЭКБ zan.gov.kz (API)
- Деректер жаңартылды
- 31.07.2026 13:05
0 «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің
әскери оқу орындарынан шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 419 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
БҰЙЫРАМЫН:
1
1. «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарынан шығарып жіберу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 419 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15634 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарынан шығарып жіберу қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарынан шығарып жіберу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарынан (бұдан әрі – ӘОО) шығарып жіберу тәртібін айқындайды.
2. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі – ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің әскери қызметшілерін ӘОО-дан шығарып жіберу Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрліктері арасында жасалған келісімшарттың талаптарына сәйкес жүргізіледі.»;
3-тармақтың 7) тармақшасы алып тасталсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Білім алушыларды оқудан шығарып жіберу ӘОО бастығының бұйрығымен, ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен жүргізіледі.»;
6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Оқудан шығарып жіберу мәселелері бойынша барлық, оның ішінде оқуға жіберілген және шетелдік ӘОО-дан оқудан шығарылған (магистранттар мен докторанттарды қоспағанда), ғылыми кеңестің (бұдан әрі – ҒК) отырысында, ал әскери колледжде педагогикалық кеңестің отырысында (бұдан әрі – ПК) қарауға ұсынылған білім алушымен батальон командирі (факультет бастығы) ҒК (ПК) отырысына дейін үш жұмыс күні ішінде Заң талаптарын есіне салу мақсатында білім алушының оны оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу міндеттемесі туралы, мерзімді әскери қызмет өткеру туралы және білім алушының бір жыл ішінде ӘОО-ға оқуға қайта қабылдану құқығы туралы әңгімелесу жүргізеді, ол әңгімелесу парағы түрінде үш данада ресімделеді, оның екі данасы жеке іске тігіледі, үшінші данасы білім алушының қолына беріледі.»;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Үлгермеушілігі бойынша ӘОО-дан оқудан шығарып жіберу білім беру сапасын бағалау (мониторингтеу) бөлімі бастығының баянаты бойынша жүргізіледі.
Баянат ӘОО бастығының атына осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген қандай да бір себеп болған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде беріледі.
Баянатқа ағымдағы үлгерім ведомостары (емтихан ведомостары), оның ішінде білім алушының ұшқыш емес мамандықта оқуын жалғастырудан жазбаша бас тартуы қоса беріледі (ұшқыш мамандығының курсанттары үшін).»;
9 және 10-тармақтар алып тасталсын;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. ӘОО бастығы үш жұмыс күні ішінде персоналмен жұмыс бөлімшесіне тиісті материалдарды дайындауды тапсырады.»;
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14. ӘОО бастығы үш жұмыс күні ішінде персоналмен жұмыс бөлімшесіне тиісті материалдарды дайындауды тапсырады.»;
23-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«23. ӘОО бастығы үш жұмыс күні ішінде ҒК (ПК) хаттамасын бекітеді және персоналмен жұмыс бөлімшесіне тиісті материалдарды дайындауды тапсырады.»;
27-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«ӘОО бастығы ӘОО-ға ӘДК қорытындысы түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде персоналмен жұмыс бөлімшесіне тиісті материалдарды дайындауды тапсырады.»;
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«28. Денсаулық жағдайы бойынша ұшуға оқуға жарамсыз деп танылған ұшу мамандықтары бойынша білім алушыларды ӘОО-дан шығарып жіберу ДҰК-нің қорытындысы негізінде жүргізіледі.
ӘОО бастығы ӘОО-ға ДҰК қорытындысы түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ұшуға оқуға жарамсыз білім алушыны ҒК отырысында қарау туралы шешім қабылдайды.»;
30-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«30. ҒК ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша білім алушыға ұшу жұмысымен байланысты емес басқа мамандыққа ауысуды ұсынады.
Білім алушы келіскен жағдайда ҒК оны басқа мамандыққа ауыстыру туралы шешім қабылдайды, хаттаманы ресімдейді және ӘОО бастығына бекітуге ұсынады.»;
31-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«31. ӘОО бастығы үш жұмыс күні ішінде ҒК хаттамасын бекітеді және персоналмен жұмыс бөлімшесіне оқудан шығару туралы бұйрықты дайындауды тапсырады.»;
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«33. ӘОО бастығы қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы ұсынылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде білім алушыға мемлекеттік құпияларға рұқсат етуді тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Персоналмен жұмыс бөлімшесі үш жұмыс күні ішінде:
1) курсанттар (кадеттер) үшін – оқудан шығару туралы бұйрық шығарады және жеке ісін білім алушы келген ЖӘБО-ға жібереді;
2) магистранттар мен докторанттар үшін – оқудан шығару туралы ұсынымды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр органына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығына қосу үшін жібереді.»;
8-тарау алып тасталсын.