16-3-бап. Банктің шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару және (немесе) орналастыру ерекшеліктері
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Қазақстан Республикасының резидент-банкі «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-1-бабының 1-тармағында белгіленген шарт сақталған кезде шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды жүзеге асыруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының резидент-банкі шығару шарттарында Қазақстан Республикасы резидент-банкінің кепілдігін беру көзделген борыштық бағалы қағаздар шет мемлекеттің аумағында шығарылған және (немесе) орналастырылған кезде «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-1-бабының 1-тармағында көрсетілген шарттан бөлек, мынадай қосымша шарттарды сақтауға міндетті:
1) борыштық бағалы қағаздарды шығару шартында уәкілетті орган осы Заңда көзделген тәртіппен төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөнінде шаралар қолданған жағдайда, борыштық бағалы қағаздардың мәжбүрлеп қайта құрылымдалуы мүмкін екендігі туралы ереже қамтылады;
2) борыштық бағалы қағаздарды шығару шартында төлемге қабілетсіз банкке осы Заңда көзделген оны реттеу жөнінде шаралар қолданылған жағдайда, борыштық бағалы қағаздарды ұстаушылардың өздерінің алдындағы міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге құқығы болмайтыны туралы ереже қамтылады.
3. Қазақстан Республикасының төлемге қабілетсіз резидент-банкінің міндеттемелері осы Заңда көзделген тәртіппен мәжбүрлеп қайта құрылымдалған жағдайда, осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары Қазақстан Республикасының резидент-банкіне және (немесе) шығару шарттарында Қазақстан Республикасы резидент-банкінің кепілдігін беру көзделген эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырған кезінде ұйымға қолданылмайды.
4. Шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздар орналастырған Қазақстан Республикасының резидент-банкі уәкілетті органды «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-1-бабының 2-тармағына сәйкес осы бағалы қағаздарды орналастыру қорытындысы туралы хабардар етеді.
Ескерту. Заң 16-3-баппен толықтырылды - ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-16-3/