40-3-бап. Банк омбудсманының шешімдер қабылдау тәртібі
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Банк омбудсманы шешімді жеке-дара қабылдайды және оны дауға қатысушы тараптардың назарына жазбаша нысанда жеткізеді.
Банк омбудсманы шешімдер қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын және жасалған шарттардың талаптарын басшылыққа алады.
2. Банк омбудсманы мынадай:
1) сот қарауға қабылдаған және (немесе) олар бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар;
2) жүгінуші адам банктік қарыз шарты шеңберінде туындаған жағдайды реттеу мақсатында өзінің банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаға жүгінуінің жазбаша дәлелдемесін ұсынбаған;
3) істің жаңа мән-жайлары болмаған кезде қайтадан жіберілген жолданымдарды қарамайды.
3. Банк омбудсманының шешімі жеке тұлға оны қабылдаған жағдайда банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға үшін міндетті.
Банк омбудсманы осы Заңның 40-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда жеке тұлғалардың өтініштерін қарауды және шешімдер қабылдауды өтеусіз жүзеге асырады.
Өтінішті қарау нәтижелері банк омбудсманы қол қоятын хаттамамен ресімделіп, жеке тұлғаның және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның назарына жеткізіледі.
Хаттамада мыналар қамтылуға тиіс:
1) қол қойылған күні мен орны;
2) банк омбудсманының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
3) өтініш беруші-жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), байланыс телефонының нөмірі, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның атауы, олардың мекенжайлары мен деректемелері;
4) даудың нысанасы немесе жеке тұлғаның мәлімделген талабы;
5) банк омбудсманы анықтаған істің мән-жайлары;
6) өтініш беруші-жеке тұлғаның өтінішін толық не ішінара қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы банк омбудсманының шешімі;
7) банк омбудсманының шешімін орындау мерзімі;
8) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның шешімді орындау нәтижелері туралы хабар беру мерзімі.
4. Қарыз алушы-жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары жөніндегі міндеттемелерді орындау талаптарын өзгертуге қатысты жолданымдары бойынша банк омбудсманы тараптардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуіне және банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту жөнінде тараптар келіскен шешімнің қабылдануына жәрдемдеседі.
Мүдделі тарап банк омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылы.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға банк омбудсманының шешімін ол белгілеген мерзімде орындамаған жағдайда, банк омбудсманы бұл туралы уәкілетті органға бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабар беруге міндетті.
Егер тараптардың келісімі бойынша өзге мерзім белгіленбесе, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның банк омбудсманының шешімін орындау мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайды.
Ескерту. 3-тарау 40-3-баппен толықтырылды - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-40-3/