Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

40-4-бап. Банк омбудсманының қызметі

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444

1. Банк омбудсманының қызметі, оның ішінде дауларды шешу бойынша жолданымдарды қарау және шешімдер қабылдау тәртібі мен мерзімдері банк омбудсманының ішкі қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
2. Жүктелген функцияларды тиісінше орындау мақсатында банк омбудсманының қызметі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген коллекторлық агенттіктердің міндетті жарналары есебінен қаржыландырылады. Міндетті жарналар төленбеген, уақтылы төленбеген не толық көлемде төленбеген жағдайда, банк омбудсманы оларға міндетті жарналарды төлеу туралы хабарлама жіберілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген коллекторлық агенттіктің осы тармақта көзделген өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы хабар береді. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген коллекторлық агенттік банк омбудсманының офисіне міндетті жарналарды банк омбудсманының ішкі қағидаларында айқындалған мерзімдерде және тәртіппен төлеуге міндетті.
3. Банк омбудсманы өкілдер кеңесімен келісу бойынша ұйымдық құрылымы мен штаты бар офис құрады.
4. Банк омбудсманының ішкі қағидаларында:
1) ревизиялық комиссияның және басқа да тұрақты жұмыс істейтін органдардың (бар болса) құрылымы, міндеттері және өкілеттіктері;
2) банк омбудсманының құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;
3) дауларды шешу тәртібі;
4) банк омбудсманының қызметін жүзеге асыруға байланысты өзге де мәселелер айқындалуға тиіс.
5. Банк омбудсманы дауларды шешу барысында алынған ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтауға және оны үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндетті. Банк омбудсманы өз қызметін жүзеге асыру барысында алынған мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады. Банк омбудсманы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарды бұзған жағдайда, өкілдер кеңесі банк омбудсманының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені қарауға құқылы.
6. Банк омбудсманының интернет-ресурсында мынадай ақпарат орналастырылады:
1) офистің, оның ішінде бөлімшелер мен өкілдіктердің толық атауы, мекенжайы (тұрған жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;
2) банк омбудсманын сайлау туралы мәліметтер;
3) банк омбудсманының өкілдер кеңесінің құрамына кіретін қаржы ұйымдарының, қауымдастықтардың (одақтардың) тізбесі;
4) банк омбудсманы ұсынатын көрсетілетін қызмет түрлері туралы мәліметтер;
5) банк омбудсманының шешімдерін есепке алу, қарау, қабылдау және орындау тәртібі;
6) банк омбудсманы жұмысының қорытындылары туралы ай сайынғы ақпарат;
7) банк омбудсманы қызметінің қорытындылары туралы жылдық есептер;
8) ақпараттық және түсіндірме материалдары мен сот практикасының материалдары жарияланатын, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға арналған бөлім;
9) қаржы нарығына қатысушылармен жасалған келісімдер мен меморандумдардың тізбесі;
10) банк омбудсманының ішкі қағидаларына сәйкес өзге де ақпарат.
7. Банк омбудсманы тұрған жері өзгерген жағдайда бұл туралы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде бір ай мерзімнен кешіктірмей және банк омбудсманының интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде хабарландыру жариялау арқылы хабарлауға міндетті.
8. Банк омбудсманы өкілдер кеңесінің шешімі бойынша:
1) тұтынушылардың жолданымдарын есепке алуды автоматтандыру және өңдеу бойынша арнайы бағдарламалық қамтылымның қолданылуын;
2) қарыз алушы-жеке тұлғаларға консультациялық қызметтер көрсету үшін банк омбудсманының офисінде колл-орталықтың не жедел желінің ендірілуін;
3) шарт негізінде кредиттік бюроның ақпараттық базасынан қарыз алушы-жеке тұлғаның кредиттік тарихының жедел алынуын қамтамасыз етуге тиіс. Банк омбудсманы қарыз алушы-жеке тұлғалардың жолданымдарын талдау нәтижелері бойынша уәкілетті органға Қазақстан Республикасының банк заңнамасын, сондай-ақ банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды жіберуге құқылы.
9. Уәкілетті орган:
1) банк омбудсманының ішкі қағидаларын, оның шешімдерін есепке алу, қарау, қабылдау және орындау тәртібін келісуді жүзеге асырады;
2) қарыз алушы-жеке тұлғалардың банк омбудсманының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарын қарайды;
3) өкілдер кеңесіне банк омбудсманының әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзушылық анықталған жағдайларда банк омбудсманының қызметі туралы ұсынымдарды жібереді;
4) осы Заңға сәйкес, банк омбудсманының қызметіне байланысты өзге де функцияларды жүзеге асырады. Ескерту. 3-тарау 40-4-баппен толықтырылды - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.