61-13-бап. Төлемге қабілетсіз банктің мәмілелерін жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Уәкілетті орган, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) (оны уәкілетті орган тағайындаған жағдайда) және (немесе) банк, оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша, банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған күнге дейін үш жыл ішінде төлемге қабілетсіз банк немесе ол уәкілеттік берген тұлға жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы бапта көзделген, мәмілелердің жарамсыздық негіздері болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделгендерден бөлек, мыналар мәмілелердің жарамсыздығының негіздері болып табылады:
1) егер мәміленің салдарлары төлемге қабілетсіз банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), мәміле шарттарының салыстырмалы жағдайларда осыған ұқсас мәмілелер жасалатын шарттардан төлемге қабілетсіз банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болуы;
2) егер мәміленің салдарлары төлемге қабілетсіз банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), мәміленің Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұза отырып жасалуы;
3) мүліктің салыстырымды экономикалық жағдайлар кезінде осыған ұқсас мүлікті беру (иеліктен шығару) шарттарынан төлемге қабілетсіз банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болатын шарттарда не негіздері болмаса да, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) берілуі не иеліктен шығарылуы;
4) банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміленің төлемге қабілетсіз банктің бір кредиторларының талаптарын басқалардың алдында артықшылықпен қанағаттандыруға алып келуі;
5) егер енгізілген өзгерістердің салдарлары төлемге қабілетсіз банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), кепіл туралы шарттың талаптарына кепіл нысанасын төлемге қабілетсіз банк үшін нашар жаққа қарай өзгерту көзделетін өзгерістердің енгізілуі.
3. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер – мәміле бойынша алғанның бәрін қайтаруға, оларды заттай қайтару мүмкін болмаған кезде қайтарылуға жататын мүліктің, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын өтеуге міндетті.
Мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік жоғалуына, бүлінуіне не кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты өтеусіз берілген кезде талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде осыған байланысты туындаған залалдарды өтеу бойынша жауапты болады.
Бастапқы сатып алушылардың мүлік құнын өтеуі мүмкін болмаған кезде төлемге қабілетсіз банктің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауаптылыққа тартылуға тиіс.
4. Уәкілетті органның немесе банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің (банкті уақытша басқарушының) арызы бойынша қозғалған істе банкті төлемге қабілетсіз банктердің санатынан шығарғаннан кейін соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін банк не банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) талапкер деп танылады.
5. Осы баптың 2-тармағының ережелері мынадай:
1) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалғаннан кейін немесе банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге дейін бір ай ішінде жасалған;
2) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан банк айырылған күнге дейін бір ай ішінде жасалған;
3) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге дейін алты ай ішінде банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесінде жасалған;
4) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге немесе банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан банк айырылған күнге дейін алты ай ішінде банктің қаржылық жағдайының орнықсыздығы белгілері туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен жасалған;
5) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша мынадай жағдайлардың бірінде:
банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалғаннан кейін немесе банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге дейін бір ай ішінде;
банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан банк айырылған күнге дейін бір ай ішінде тараптарды ауыстыру жүзеге асырылған;
банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге дейін алты ай ішінде банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға;
банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге немесе банк операцияларын жүргізуге лицензиясынан банк айырылған күнге дейін алты ай ішінде банктің қаржылық жағдайының орнықсыздығы белгілері туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлға тараптарды ауыстыруды жүзеге асырған (әмбебеп құқық мирасқорлығы нәтижесінде тараптардың ауысуын қоспағанда) жағдайларды қоспағанда, бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәмілеге (мәмілелерге) қатысты қолданылмайды.
6. Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміленің жарамсыз болуы, егер бас қаржылық келісімге және қалған мәмілелерге қатысты оларды жарамсыз деп тануға негіздер болмаса, бас қаржылық келісімнің өзінің және бас қаржылық келісім шеңберіндегі қалған мәмілелердің жарамсыз болуына алып келмейді.
Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміле нетто-міндеттемелер (нетто-талаптар) анықталғаннан кейін жарамсыз деп танылған жағдайда, нетто-міндеттеме (нетто-талап) одан жарамсыз деп танылған мәміленің немесе мәмілелердің нәтижелерін алып тастау арқылы, нетто-міндеттемені (нетто-талапты) айқындаған мәміле тарапының қайта есептеуіне жатады.
Ескерту. 61-13-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-61-13/